Шымкентте 5 қабатты үйдің төбесінен секірмек болған жас әйел құтқарылды
Белгілі болғандай, әйелдің үш баласы бар
Шымкентте 5 қабатты үйдің төбесінен секірмек болған жас әйел құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ІІМ-нің телеграм-арнасына сілтеме жасап.
102 пультіне «Адия» ТК-нің тұрғындарынан қоңырау түсті. Олар белгісіз адамның көпқабатты үйдің төбесіне көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлады.
Кезекші жедел түрде патрульдік полиция полкінің барлық экипаждарына хабарлама тастады. Шақыруға бірінші болып 1-рота қызметкерлері Қанат Бишинов пен Бейбіт Нұрпейісов келді.
Патрульдік полицейлер бірнеше минут ішінде өз өмірлерін қатерге тігіп, көпқабатты үйдің төбесіне көтерілді және әйелді әңгімеге тартып, назарын аудару арқылы ойынан қайтарып, құтқарып қалды.
Қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Белгілі болғандай, әйелдің үш баласы бар. Әңгімеден кейін полицейлер оны күйеуіне тапсырды. Өз кезегінде жұбайы тәртіп сақшыларына қызметі үшін алғыс айтты. Әйел қазір отбасымен бірге.