$ 533.87  621.64  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында 40 млн теңге бюджет қаржысына салынған спорт алаңдары жарамсыз күйде тұр

Ауыл азаматтары мемлекеттің миллиондары жұмсалған дүние аяқсыз қала ма деп алаңдайды

Түркістан облысында 40 млн теңге бюджет қаржысына салынған спорт алаңдары жарамсыз күйде тұр
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында 40 млн теңге бюджет қаржысына салынған спорт алаңдары жарамсыз күйде тұр. Төлеби ауданындағы төрт шағын футбол алаңы пайдалануға берілгеніне жарты жылға жетпей істен шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Жастар жылында ашылған алаңдар балалар жылында да балалардың қажетіне жарамай жатыр деп ашуланады ауыл тұрғындары. Жасыл төсеніштер футбол алаңының бір бұрышынды үйіліп тұр. Күнге күйіп, шіріп жатқанына жылдан асқан. Ойын алаңы ашылғанда қуанған Көксәйек ауылының үлкен- кішісі ол қуаныштың ұзаққа созылмағанын айтады.

 «Балалардың бәрі қазір телефонда. Үйден шықпайды. Соларға бір ермек болды ғой деп қуанып ашылғанына, өзіміз бастағанбыз осы жерде турнирлер өткізіп апта сайын. Келе-келе мынау істеген заттары, алған материалдарының бәрі сапасыз боп шықты», - дейді Көксәйек ауылының тұрғыны Үсен Кемелов.

Елдімекеннің бұл аумағында шамамен 500 -дей үй бар. Мұнда балалар доп тебетін мүлдем жер жоқ. Ауыл тау етегінде орналасқандықтан тегіс жер табу қиын. Спорт алаңының орнын тұрғындар өз күштерімен әзірлеген көрінеді. Жасыл төсенішті кейін шағал тастың үстіне төсей салды деп іштері удай ашиды.

Леңгірдегі шағын футбол алаңының күйі де кісі шошырлық. Жарты жылға жетпей төсеніштерінің дал-дұлы шыққан. Темір қақпаның өзі құлауға шақ тұр. Басқа түспес үшін балалар жіппен байлап қойыпты. Леңгір қаласының әкімдігі 27 млн теңгеге үш спорт алаңын салған мердігерді сотқа бергендерін айтады. Нәтижесінде екеуі қайта қалпына келтірілген. Енді соңғысын жөндеп беруді талап етіп отырған көрінеді. Ал Көксәйек ауылының әкімдігі 13 млн 234 мың теңгеге тапсырыс берген 1300 шаршы метр аумақтағы спорт алаңының тағдыры қалай шешілері әзірге белгісіз. Мердігерді өзіміз де таппай жатырмыз дейді.

 «Мен әкім боп келгелі бері ол фирмаға бес рет ескерту бердім. Ескертуді олар ескермеді. Одан кейін сотқа бердім. Сотқа үш рет бердім. Сот орындаушылары Шымкентте деді адресі. Одан Кентауда екен деді. Кентауға тағы да жіберіп ек, енді қазір Кентаудағы адресі де дұрыс бомай шығып, Алматыда деп жатыр адресін. Қазір сот орындаушысы сол бойынша жұмыс жасап жатыр», - дейді ауыл әкімі Жексенбек Серсәулетов.

 Ауыл әкімі әзірге айыппұлды ғана қанағат етіп отыр. Ал ауыл азаматтары мемлекеттің миллиондары жұмсалған дүние аяқсыз қала ма деп алаңдайды. Өйткені кепілдік мерзімі бітуге жақын.

Серіктес жаңалықтары