Қазақстанда жалға берілетін пәтерлер бағасы арзандай бастады
Қазанның ортасынан бері баға орташа есеппен 20%-ға арзандаған
Қазақстанда жалға берілетін пәтерлер бағасы біртіндеп арзандай бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жалға берілетін пәтерлер бағасының кері динамикасы қазан айының ортасында басталды. Содан бері баға орташа есеппен 20%-ға арзандаған.
Krisha.kz мәліметінше, пәтерді жалға беру бағасы қазан айының алғашқы екі аптасында айрықша өскен. Қазіргі кезде жалға берілетін пәтерлер:
- Петропавлда: -41%;
- Ақтөбеде: -36%;
- Павлодар мен Оралда -32% арзандаған.
Астанада пәтер жалдау ақысы 22 пайызға, Алматыда 11 пайызға төмендеді.
«Ал бір апта ішінде, яғни 27 қазан мен 3 қараша аралығындағы өзгерістерге келетін болсақ, барлық қалада баға арзандай бастаған. Алматыда 3,6%-ға, Астанада 4,6%-ға төмендеу байқалды. Ақтөбе қаласында (-8,6%) баға айрықша арзандаған. Орта есеппен пәтер жалдау ақысы 3,8%-ға арзандады», - дейді сарапшылар.
Еске салайық, Қазақстанда қыркүйекте жайлы тұрғын үйді жалға беру бойынша бағасы жылдық мәнде 47,2%-ға өскен еді. Қыркүйек айында тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алудың орташа бағасы 4 612 теңгені құраса, бір ай бұрын жалға алудың шаршы метрі 4 029 теңгені құраған.