Шымкентте жатақхана тұрғындары тыйым салынған газ баллондарын пайдаланып отыр
Тұрғындардың сөзінше, жатақханалар орталық газ жүйесіне қосылмаған
Шымкент қаласында отбасылық жатақхана тұрғындары тыйым салынған газ баллондарын пайдаланып келген. Мұндай заңсыздықтарды өңірдің өртке қарсы қызмет мамандары анықтап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қауіптің алдын алу мақсатында жүргізілген рейд барысында, бірнеше отбасының көпшілікті қауіп құшағында ұстап келгені анықталған. Жалпы қалада қазір «жатақхана» деп аталатын профилактикалық іс-шара жүргізіліп жатыр, оның нәтижесінде шаһардағы 17 отбасылық жатақхана тексерілді. Бұдан бөлек оқу орындарына тиесілі 20 жатақхана да назардан тыс қалмады. Атап өткен жөн, тұрғындардың да өз уәжі бар. Олар ескі жатақханалар орталық газ жүйесіне қосылмағандықтан, үйге көгілдір отын құйылған баллон алдырудан өзге амал жоқ дейді. Қауіптің алдын алу мақсатында аз қамтылған отбасыларға газ жайылған кезде дабыл қағатын құрылғылар берілді.
«Жылыту маусымының алдында, қыркүйек айынан бастап өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіліп жатыр. Бұл кезде біз (жағдайы) төмен отбасыларға міндетті түрде кіріп, өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары өткізілді. Кейбір отбасыларға арнайы газ дабыл қаққышын орнатып беріп жатырмыз», -дейді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Аманбек Бейсембаев.