$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тері өндірушілер мен шаруалар биліктен көмек сұрап отыр

Амалы қалмаған шаруалар шикізатты қоқысқа тастауда

Тері өндірушілер мен шаруалар биліктен көмек сұрап отыр
Фото ашық дереккөзден

Елдегі тері өндірушілер илегенге ірі қара малдың терісін таппай тұралап қалдық дейді. Себебі мыңдаған дана сиыр терісі сырт елдерге шикізат ретінде кетеді. Ал қойдың терісі шетелге өтпейді. Амалы қалмаған шаруалар шикізатты қоқысқа тастауда. Бұрын ұсақ мал терісінен де табыс тауып келген шаруалар қазір оны тиынға болса да алатын адам таппай әлек. Тығырыққа тірелген тері өндірушілер мен шаруалар биліктен көмек сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

 Сойылған малдың терісін қоқысқа шығару Қозыбай Атбағаровтың күнделікті жұмысы. Тері тау болып үйілген соң оны қоқыс полигонына жөнелтеді. Айнала өлексе сасымас үшін тері төгілген жерді күн сайын өртеп тұруға тура келеді. Мал терісі бұрын табыстың бір көзі болса, бүгінде шаруаларға қосымша жүк болып тұр.

 «Терісі ешкімге керек болмағаннан кейін күнделікті қоқысқа кетеді. Алып жатқан ешкім жоқ. Қабылдап жатқан еш жер жоқ. Осы аймақта қанша осындай шаруалар бар. Бәрінікі қоқыста жатыр», - дейді шаруа Қозыбай Атбағаров.

Отандық өндірушілердің де қой терісін өңдеуге құлықсыз. Өйткені одан жасалған жартылай фабрикатқа шетелден сұраныс жоқ. Ал, елімізде иленген қой терісінен бұйым жасайтын отандық кәсіпорын жоқ. Есесіне жылына елімізде екі жарым млн данадан астам ірі қара мал терісі жиналады. Оның өзін делдалдар ақшасы үшін шетел асыруға бейімделіп алған.

 «Аусылға байланысты теріні ресейге шығармайтын. Енді қазір аусылдың карантин уақыты бітіп, шекара ашылғаннан кейін терінің барлығы сол ресейдің тарапына қарай ақырын ауып кетіп жатыр. Сол себепті мен тікелей өзіме қатысты алатын болсам зауытта қазір тері жоқ. Тері жоқ болғанна кейін зауытымыз тоқтап тұр», - дейді Қазақстандағы тері өндірушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев.

Елімізде ірі қара мал терісін өңдейтін ірілі ұсақты 10 кәсіпорын бар. Олардың көпшілігі бірде істеп, бірде тұралап тұр. Бірінің тозығы жетсе біріне шикізат жетіспейді. Ал, осы уақыт аралығында дайын теріден бұйым жасайтын өндіріс орыны іске қосылмапты. Қазір тері өндіру саласының фукцияларын индустрая министрлігінен ауылшаруашылығы министрлігіне толық өткізу жұмыстары жүруде.

«Елімізде былғарыдан бұйым жасайтын кәсіпорынның нарықтағы үлесі небәрі 4 пайызды ғана құрайды. Қазір бізде екі зауыт толық жұмыс істеп тұр. Оның өзі кеңестік кезеңнен қалып, қайта жөндеуден өткендер. Ал, жаңа өндіріс орыны ашылмады», - деді ҚР ИИДМ Ауылшаруашылығы өндірісі басқармасының сарапшысы Айгерім Исабекова.

Қазір, тері өндірушілер қауымдастығы мен ауылшаруашылығы министрлігі теріден желатин жасайтын зауыт құрылысын жүргізу үшін келіссөздер жүргізуде. Мамандар сабақты ине сәтімен шықса елдегі бүкіл мал терісі тамақ өндірісіне бағытталмақ.

Серіктес жаңалықтары