Қазақстанда құрамында қауіпті қоспасы бар энергетикалық сусындар анықталды
Санитариялық дәрігерлер өнімдер партиясы сатылымнан шығарылғанын мәлім етті
Қостанай облысында санитариялық дәрігерлер энергетикалық сусындардағы консерванттардың қауіпті мөлшерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитеті Қостанай облысының сауда желісінде сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін мониторингтеу қорытындысы барысында «Кофеинмен және тауринмен Flash up energy» (163,3 мг/л) және "Monster Energy" (173,72 мг/л) алкогольсіз энергетикалық газдалған сусындардағы натрий бензоатының (Е211) артқанын анықтады.
«Сусындарды өндірушілер «Балтика» «Сырақайнату компаниясы» ЖШҚ (Ресей Федерациясы) және «Refresco Benelux B.V» (Нидерланды Корольдігі) компаниясы болып табылады. Азық-түлікті ұзақ уақыт сақтау үшін, тағамдық қоспалар консерванттар ретінде қолданылады», - делінген ведомство хабарламасында.
Санитариялық дәрігерлер өнімдер партиясы сатылымнан шығарылғанын, ал жеткізушіге ішімдіктерді сату айналымынан алып тастау бойынша шаралар қабылдау тапсырылғанын мәлім етті.
«Жүктілік кезінде құрамында натрий бензоаты бар тағамдар мен сусындарды қолдану ұсынылмайды, өйткені бұл зат аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Кейбір адамдарда консерванттың артық болуы локализацияланған қышу, жөтел, қызару, бөртпе, ісіну сияқты жеңіл белгілерді тудыруы мүмкін. Натрий бензоаты организмде жиналуы мүмкін, бұл өздігінен қауіпті. Бұл әсіресе жасөспірімдерге қатысты», - дейді дәрігерлер.
Комитет Ресейдің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау қызметіне» (Роспотребнадзор) осы өндірушілердің өнімдерін зертханалық күшейтілген бақылауға алу туралы хабарлама жіберді.