Атырау облысында шаруалар егіcке жайлаған құрттан шығынға батып жатыр
Мыңдаған гектар жер жарамсыз болып қалған
Атырау облысында құрт қаптады. Жұлдызқұрт егін, жайылым, тіпті бау-бақшаның түгін қалдырмай отап, елді әбігерге салып жатыр. Зиянкестер күннен-күнге көбейіп, мыңдаған гектар жер жарамсыз болып қалған. Мұндай жағдайда ешкімге өтемақы төлеу қарастырылмаған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Шаруалар шаш етектен шығынға батса да, әкімдік «жағдай бақылауда» деп жайбарақат отыр. Атырау облысындағы шаруалар егін мен жайылымды жайлаған құрттан шаш етектен шығынға батып жатыр.
Жүз гектар жерге егілген жоңышқаны бір күнде түк қалдырмай отап тастаған. «Мұны енді мал да жемейді», - деп ашынады шаруалар. Осылай еңбегі еш кеткен егіншілерге ауыл шаруашылығына жауаптылар өтемақы төлеуге де уәде бермеген.
Кәсіпкер Әсемғали Қуанышовтың жүз гектар жоңышқадан бөлек екі жарым мың түп жеміс ағашын құрт жеп тастаған. «Биыл еңбегіміз еш кетті» деген ол мұндайды бұрын-соңды көрмегенін айтады. Зиянкестер көбелек боп ұшып келіп, құртқа айналып, бір-ақ күнде жоқ қылған.
«80 гектарынан өнім аламыз деп дайындалып жатқанда құрт бәрінің опан-топанын шығарды. Жоңышқаның түрі мынау. Шығынды есептеп жатырмыз. 10 млн деп бердік. Бірақ одан да көп, 20, 30 млн болады. Екі жыл бұрын 40 млн ақша салдым. Жерімді қаздым, суын жүргіздім. Жоңышқаның бүкіл дәнін алып келдім. Оны ектірген адамға бердім. Енді болды, өнімін аламын деп жатқанда мынадай болды», - дейді кәсіпкер Әсемғали Қуанышов.
Зиянкестер дала түгілі, ауылдағы бау-бақшаны да кеміріп жатыр. Қазір өңірдегі бүкіл аудан халқы зардап шегуде. Фитосанитарлар бір шаршы метрде он бестен асса, шектік нормадан көп болғаны дейді. Мамандардың сөзінше, бұл жәндік зиянкестердің ішіндегі ең қауіптісі екен. Көбелектің жұмыртқасы құртқа айналып, тез көбейеді дейді. Алдағы уақытта жағдай бұдан да ушығуы мүмкін деген қауіп бар. Қазір өңірде жеті мың гектарға жуық алқап бүлінген. Алайда әкімдіктегілер ахуал бәсеңдеді деп сендірді. Ал шаруалардың шығыны тек сақтандыру арқылы төленеді дейді.
«Зардап шеккен егіншілер сақтандырылған жағдайда, сол өтемақысы беріледі. Ал сақтандырылмаған жағдайда мемлекет тарапынан оған өтемақы төленбейді. Біздің облыста көбі сақтандырылмаған», - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.
Қазір аймақта зиянкестерді улауға төрт техника мен мамандар жұмылдырылған. Олар барлық ауданда жұмыс істеп жатыр. Дегенмен егістік немесе жайылымға зиянкестерге қарсы дәріні шаруалар өзі шашуы керек дейді атқамінерлер.