Атырауда 5 айда айыппұл төлеуден жалтарған 500-ге жуық жүргізуші ұсталды
Олардың көлігі арнаулы тұраққа қойылды
Атырауда жыл басынан бері айыппұл төлеуден жалтарған 500-ге жуық жүргізуші ұсталды. Олардың көлігі арнаулы тұраққа қойылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, 1-31 мамыр аралығында төленбеген айыппұлы бар 130-дан астам жүргізуші анықталған.
«Жыл басынан бері жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлын төлеуден жалтарып жүрген 500-ге жуық жүргізушінің көлігі арнаулы тұраққа қойылды. Бұл жүргізушілер жылдамдықты асырмау, жол белгісі талаптарын орындау, бағдаршамның тиым салынған түсінен өту қағидаларын бұзғаны үшін «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешен камерасына түсіп қалған», - делінген хабарламада.
Мәселен, патрульдік полиция қызметкерлері 28 мамыр күні сағат 12:30 шамасында Атырау қаласындағы Құрманғазы көшесінде «Ваз-2110» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жеңіл көліктің Ресей Федерациясында тіркеуде тұрғаны анықталды. Көлікті басқарған 53 жастағы жүргізушісінің 324 мың 695 теңгені құрайтын төленбеген 21 айыппұлы бар екені белгілі болды. Жеңіл көлік ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес, арнаулы тұраққа қойылды.