Павлодарда 300 жуық отбасы өздеріне тиесілі баспаналарын ала алмай жүр
Олар 3 жылдан бері пәтер жалдауға мәжбүр
Павлодарда «алюминстрой» шағын ауданының тұрғындары өздеріне тиесілі баспаналарын ала алмай жүр. Бұған тұрғындар жергілікті билікті кінәлайды. Айтуларынша, екі қабатты ескі үйлерді бұзып, орнына жаңасын саламыз деген шенеуніктер уәделерін орындамаған. Үйінен айырылған 285 отбасы қазір пәтер жалдап жүр, деп хабарлайды astanatv.kz.
«Алюминстрой» шағын аудан тұрғындарына жергілікті билік ескі үйлерін бұзып, орнына жаңасын салып беруге уәде беріпті. Атқамінерлердің сөзіне сенген халық баспаналарын босатып берген. Алайда, арада 3 жылдан астам уақыт өтсе де оларға берілетін үй құрылысы әлі бітпей тұр.
«Берем деген үйіңіздің жанына келдік 28 үйге. 3-ақ кісі төбесінде жүр екен. Ол қашан бітеді. Біз қашан аламыз. Құрметті әкім мырза мынау халықты шулатпай адамшылықпен оларды жинап, түсіндіріп бізге дұрыс үй беруіңізді өтінеміз», - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Өндіріс Мақышұлы.
Қазір 200-ден астам отбасы пәтер жалдап жүр. Әкімдік ай сайын пәтерақыға 60 мыңдай теңге береді. Бірақ, баспана құны қымбаттағалы ондай бағаға пәтер табу да қиындап кетті дейді көпшілік. Сондықтан, тұрғындар жиі қоныс аударуға мәжбүр.
«Жасым 84-ке келді. Өз пәтеріме жетем бе, жетпеймін бе белгісіз. Жасы келген кісіге пәтерден пәтерге көшу оңай болмай тұр. Сондықтан, бізге тиесілі үйді берулерін сұраймын», - деді қала тұрғыны Людмила Соводина.
«Біз бірнеше мәрте облыс әкіміне, қаланың әкіміне шағымдандық. Бірақ, олардың бізді естігілері келмейді. Әр жолы құрғақ уәдемен шығарып салады. Біз жасы келген адамдар бала-шағымен пәтерден пәтерге көшуден шаршадық. Біздің үйлер қазір картада жоқ. Әкімдік бізді үйімізбен қосып, тізімнен сызып тастаған секілді», - деді Марина Вильмс.
Ал әкімдік өкілдері үй құрылысының кешеуілдеуіне жобалау жұмыстарында жіберілген қателік себеп болғанын айтты. Дегенмен, мәселе реттелген.
«Павлодар қаласының әкімдігі барлық қоныс аударушыларды Сарыарқа шағын ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан 28, 33, 40, 41 тұрғын үйлерге қоныстандыруды жоспарлап отыр. Қоныстандырудың мерзімі 2022 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы наурыз», - деп көрсетті Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Жансерік Қапзолла.
Шағын ауданда қазір 10-ға тарта ескі үй қалды. Ол үйлердің тұрғындары көршілері секілді пәтер жалдамас үшін үйлерін кілтке кілт айырбастаймыз деп отыр.