Қытайға ірі көлемде АҚШ долларын алып өтпек болған қылмыскер ұсталды

Қомақты қаржыны тығып алып өтпек болған азаматтың әрекеті бүгін түс кезінде әшкере  болды

«Қорғас» кеден бекеті арқылы Қытайға ірі көлемде ақша алып өтпек болған қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Қазақстан азаматы  "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы Қытайға 35 мың АҚШ доллларын жасырып өтпек болған. Шекаралық декларациядан қомақты қаржыны тығып алып өтпек болған азаматтың әрекеті бүгін түс кезінде әшкере  болды.

Шекара заңын бұзған азамат ҚР ӘК 551 бабының 3-тармағы (Жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн және жазбаша декларациялауға жататын ақша қаражатын және ақша құралдарын декларацияламауы не анық емес декларациялауы) бойынша жазаланды. Сондай-ақ, бүгін кеденшілер Қытай Халық Республикасының аумағынан Қазақстанға ірі көлемде қымбат әшекей бұйымдарын жасырын алып өтпек болған топтың да жолын кесті.

Кедендік салықты төлемей, шекарадан өткізбек болған тауардың жалпы салмағы 16 келі. Қазіргі сәтте Алматы облысы МКД мен кеденшілер 1000 дана бағалы әшекей бұйымның құнын анықтап, иелерін жауапқа тарту жұмыстарымен айналысып жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.