14 ауылдың орны ғана қалды: ШҚО тұрғындары жабылған ауданды қайта құруды сұрайды
Қоғам белсенділері шұрайлы жер мүлдем босап қалмай тұрғанда, ауданды қайта қалыпқа келтіру керек екенін айтады
«Марқакөлді жеке аудан қылу керек. Сонда шекарамыз шегенделіп, жоғымыз түгенделеді». Шығыс Қазақстанда шекара сызығының бойында жатқан ауыл-аймақ тұрғындары осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар әйтпеген жағдайда бұл ауылдар құрып кетуі мүмкін дейді. Айта кету керек, Марқакөл ауданы осыдан 25 жыл бұрын Күршіммен біріктірілген болатын. Жергілікті жұрттың айтуынша, сол кезден бері біраз ауылдың орны ғана қалған. 90-жылдардың басына дейін Марқакөл ауданында 35 мыңнан астам адам тұрыпты. Мал-жанға бай, бау-бақшасы төгілген, әр ауылынан береке кетпеген озат аудандардың бірі еді дейді көнекөздер. Алайда қалай көрші ауданға қосылған соң күйі кете бастаған. Қоғам белсенділері осындай шұрайлы да, құнарлы жер мүлдем босап қалмай тұрғанда, ауданды қайта қалыпқа келтіру керек екенін айтады. Оған негіз де жоқ емес екен. Өлкеде өндірісті дамытып,туризмге ден қою керек.
«Қалжырдың өзінде Қаршыға, іргемізде Маңқан екі бірдей үлкен кеніш жұмыс істеп жатыр. Біздің бұрыннан болған қарттардың айтуынша, соғыс кезінде 15-ке дейін кеніш бопты осы жерде, соның бәрін қайта ашуға болады, ол құйып тұрған қаржы емес пе? Көлімізге туристер келеді, туризмнің өзі де ақша ғой», - дейді қоғам белсендісі Абзалбек Мұғаметжанов.
Жергілікті жұрттың сөзінше, маңайдағы 14 ауылдың түтіні өшіп, орны қалған. Марқакөлдің өзінің де іргесі сөгіліп жатыр. Бұзылған ғимараттар, босап жатқан кеңселер көп. Мектебінде бұрын 1500-ға жуық бала оқыса, қазір одан 3-4 есе аз. Жері шалғай, жолы алыс аймаққа жас кадр да тоқтар емес. Кезінде дүрілдеп тұрған ауруханадан қазір білікті маман тауып көріңіз.
Бір анықтама үшін бір күн уақытын жұмсап, ауылдықтар 200 шақырым жердегі Күршімге сабылады.Қымбатшылық та қысып барады дейді мұндағылар. Әсіресе отын-судың бағасы шарықтап тұр. Дәл осы қалыптан өзгермесе, көш тоқтамасы анық. Қариялар онда кейінгі ұрпақ бұл жерді «архивтегі картадан» ғана көрер ме деп алаңдаулы.
Шығыс Қазақстанда шекара шебіндегі бұрынғы аудандар – Қатонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншыдан соңғы 25 жылда халықтың 50 проценттен астамы қоныс аударған. Бұл цифр осы аудандарды жабудың не халыққа, не Үкіметке тиімді болмағанын көрсетеді. Ал саятсакерлердің айтуынша, қазір геосаяси тұрақтылық тұрғысынан аталған шекаралық аудандарды қайта ашатын уақыт жетті.
«Тарихи әділеттілікті қалыпқа келтіруіміз керек, аудан ашылатын болса, адам потенциалы да, инвестиция да барады және ол өңірде әлеуметік-экономикалық жақсы динамика пайда болады. Сондықтан бүгінгі Қытаймен шекаралас Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарын қайта ашу керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.