«Astana Bike»: елордада 15 сәуірде жаңа веломаусым басталады
Велопрокатқа тарифтер өзгеріссіз қалды
Нұр-Сұлтан қаласында 15 сәуірде «Astana Bike» автоматтандырылған велопрокат жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда әкімдігінің мәліметіне қарағанда 155 велостанцияға 1000-нан астам велосипед қойылады.
Велошеринг қызметтерін пайдалану үшін www.velobike.kz сайтына онлайн тіркелу қажет. Оны 16 жасқа толған адамдар өте алады. Велопрокатқа абонементтерді www.velobike.kz сайтынан және City Transportation Systems кассаларда сатып алуға болады. Велосипедтерді жалға беру жүйесі 24/7 режимінде қолжетімді.
15 сәуірден бастап сағат 9:00-ден бастап велосипедтер мен абонементтерді сатып алуға болады.
«50% жеңілдік растаушы құжаттарды ұсынған кезде беріледі және азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін тоқсандық және маусымдық абонементтерге ғана қолданылады», делінген әкімдіктің хабарламасында.
Пайдаланушылар қалалық велопрокат сервисі бойынша консультация алуға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірыңғай байланыс орталығына iKOMEK-109 қоңырау шалып немесе CTS компаниясының әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына жаза алады.