$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ауыл шаруашылығы министрі ветеринар дәрігерлердің табысы артатынын хабарлады

Жоғары білімді ветеринариялық дәрігердің орташа жалақысы 98-206 мың теңге аралығында

Ауыл шаруашылығы министрі ветеринар дәрігерлердің табысы артатынын хабарлады

Ветеринарлық секторда жас жоғары білікті кадрлар жетіспейді. Республика бойынша мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жасты құрайды. Аталған саланың табысы төмен болғандықтан, жастар арасында мал дәрігері мамандығына қызығушылық жоқ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілішсі.

Аграрлық сектордағы ең төменгі жалақы алатын мамандықтардың бірі – ветеринарлық дәрігерлер.

Министрдің мәліметінше, аудандық ветеринариялық станциялардағы жоғары білімді ветеринариялық дәрігердің орташа жалақысы 98-206 мың теңге аралығында болса, зертхана қызметкерлерінің орташа жалақысы 125-174 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды екен.

«Жергілікті жерлерде мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы мамандарының жалақысын көтеру үшін келесі шешімдер ұсынылады:

  • жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық іс-шараларды жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қайта қарау;
  • ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметке жатқызылған ақылы қызмет түрлерінің көлемін ұлғайту;
  • патогендігі I және II топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істеуді жүзеге асыратын азаматтық қызметші болып саналмайтын мемлекеттік кәсіпорындардың мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеудің үлгілік жүйесін бекіту;
  • «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына толықтырулар енгізу (зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларын, кәсіптік қызметке ие болудың жоғары тәуекелін ескере отырып, қосымша ақылар мен үстемеақылар);
  • бір ветеринарға жүктеменің бірыңғай нормасын бекіту», - деп атап өтті министр.

Ветеринария жүйесін реформалау аясында ұсынылатын шаралар мал дәрігері мамандығына сұранысты арттырып, сондай-ақ сауықтыруға арналған жәрдемақыны кемінде 2 лауазымдық айлықақы, ал қосымша ақыны лауазымдық айлықақының 50%-ы мөлшерінде ұлғайтады.

«ҚР Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгерістер Мемлекеттік мекемелердің ветеринарларына инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарымен жұмыс істегені үшін қосымша ақыны ұлғайтуға мүмкіндік береді (БЛЖ-дан шамамен 140%). Республикада тек Маңғыстау облысында ҚМУ нысанында құрылған ветеринариялық станциялар бар, олар қосымша ақы алу үшін осы норманы пайдалана алады», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары