Енді ҰБТ-да калькуляторды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі – БҒМ
Аймағамбетов биыл ҰБТ-дағы өзгерістер туралы айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде ҰБТ-ның биылғы талаптары туралы жазба қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізіледі. Бұл жұмысқа әріптестеріміз көп күш-жігер жұмсаса да, бірақ ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік беретінін білеміз. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.
Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі. Биыл сіздерге ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл сіздердің әлсіз тұстарыңызды талдауға және білімдеріңізді жетілдіруге көмектеседі. Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15%-ға өсті», − дейді министр.
Оның айтуынша, биыл түлектер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік алады.
«Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендетеді», - дейді ол.