ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: Әлеуметтік әділеттілікті ілгерлету – басты міндеттердің бірі

Azattyq Rýhy

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүр

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: Әлеуметтік әділеттілікті ілгерлету – басты міндеттердің бірі

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүр.

Сапар барысында ҚР КФ төрағасы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырысына қатысты.

Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Ернар Есіркепов  әлеуметтік және еңбек қатынастарының дамуы туралы айта отырып, жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындарға 30 тексеру жүргізіліп, 11 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталғанын атап өтті. Аталған деректер бойынша әкімшілік шаралар қолданылған. Оның сөзінше, Жол картасын жүзеге асыру барысында жыл басынан бері 414 жұмыс беруші 38 мыңнан астам жұмыскердің жалақысын орташа алғанда 26 пайызға өсірген.

«Алайда соған қарамастан «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК филиалдарында жұмыскерлердің жалақысы өсірілгеніне қарамастан, осы мекемелердегі жұмыскерлердің жалақысы бұрынғысынша өңірде ең төмен болып қалып отыр. Кәсіподақтар федерациясы төрағасының сапармен келгенін пайдалана отырып, осы мәселені Республикалық үшжақты комиссияда қарастыруыңызды сұраймын», - деді Ернар Есіркепов.

Өз кезегінде Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов әлеуметтік және еңбек қатынастарын тиімді дамыту бойынша әлеуметтік әріптестердің күш-жігерін біріктірудің маңызды екенін атап өтті. Атап айтар болсақ, өндірістік жарақаттарды болдырмау, ұжымдық-келісім қатынастарын дамыту, кәсіподақ мүшелігімен қамту ауқымын кеңейті.

Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Кәсіподақ орталығымен бірлесіп аудандық деңгейлерде кәсіпорындарда және мекемелерде кәсіподақ ұйымдарын құру жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма бергенін атап өтті.

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия мүшелеріне қарата айтқан сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіпорындардағы жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсарту бойынша әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының бірлескен өзара іс-қимылы қажет екенін атап өтті. Оның мәліметінше, былтыр елімізде тіркелген 79 еңбек дауының 31-індегі кәсіпорындарда кәсіподақтар жұмыс істеген.

«Кәсіподақтар бар мекемелерде еңбек дауларын шешу қажетті құқықтық рәсімдерді сақтау барысында тараптардың барлығына оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР КФ төрағасы Жамбыл облысында 2021 жылдан бастап қазіргі дейінгі уақытта жалғыз ғана еңбек дауы «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС-ында тіркелгенін атап өтті.

«Бұл – еліміз бойынша үлгі болатын көрнекі мысалдардың бірі. Бір жағынан, өңірдегі даулы жағдайдың барынша аз болуы әлеуметтік және еңбек саласындағы мәселелердің туындауының алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімді жүргізілетінін көрсетеді. Әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара іс-қимылы, Жамбыл облысындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырыстарында еңбек дауларының алдын алу мәселелерінің тұрақты талқылануы осыны дәлелдейді», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның сөзінше, Жамбыл облысы ұжымдық шартпен қамту бойынша көшбасшылардың қатарында. Биылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша облыста 10,4 мың ұжымдық шарт жасалған, кәсіпорындардың 94 пайызы қамтылған, былтыр бұл көрсеткіш екі есе аз – 5,5 мың (қамтылу 56%) болған.

Осыған байланысты, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы осындай жоғары көрсеткішке қарамастан ұжымдық шарттардың 10 пайызы ғана кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен жасалғанына тоқталды.

«Ұжымдық шарттардың 90 пайызында жұмыскерлер атынан кімдер қол қойған? Кәсіподақтардың қатысуынсыз қол қойылған осы ұжымдық шарттар қаншалықты сапалы әрі тиімді? Үшжақты комиссия аясында осы мәселені қарастыруды сұраймын», - деді Сатыбалды Дәулеталин комиссия мүшелеріне.

Сондай-ақ ол тағы бір жайтты айта кетті:

«Облыс, қала және аудандарда ұжымдық шарттардың мазмұнын талдау жөнінде кәсіподақтар мүшелерінің қатысуымен сарапшы топтарын құруды біз Үкіметке ұсындық. Өйткені кез келген кәсіпорынның «конституциясы» болып табылатын құжат ол – ұжымдық шарт. Оның сапалы мазмұнда болуының арқасында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынастың көптеген даулы мәселелерінен құтылуға болады».

ҚР Кәсіподақтар федерациясының сөзінше соңғы кездері еңбек даулары мен кикілжіңдерінің басты себебі – жалақының төмен болуы. Екінші себебі – жұмыс берушілердің жұмыскерлермен келіссөз жүргізуге құлқы болмауы.

«Жұмыс беруші кәсіпорынның табысы мен оның өркендеуі қарапайым жұмыскердің көңіл-күйіне, олардың жалақысына қанағаттануына тікелей байланысты екенін толық түсінбейінше, еңбек дауларынан арыла алмайды. Барлық әлеуметтік әріптестерді өз кәсіпорындарындағы жұмыскерлермен осындай қарым-қатынастан бас тартуға шақырамын», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке ақы төлеу қорын қалыптастыру жұмыс берушінің қалауынша шешіледі, мемлекет тек ең төменгі жалақы көлемін ғана анықтап береді. Ол осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы Үкімет пен Республикалық жұмыс берушілер бірлестігінің басты әлеуметтік серіктесі ретінде, өз құзыреттері шеңберінде РҮК отырыстарында және Үкімет отырыстарында әлеуметтік және еңбек қатынастарын жетілдіруге септігі тиетін әлеуметтік бастамаларды тұрақты көтеріп отыратынын атап өтті.

«Біз еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарды көтердік, оның ішінде төменгі жалақыны міндетті түрде индексациялау; өндірістерді басқаруға кәсіподақтардың қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жалақы жөніндегі келіссөздерге міндетті түрде қатысуы да бар. Әлеуметтік әділеттілікті алға жылжыту мәселесі – кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі», - деп атап өтті ҚР КФ төрағасы.

 Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы өңірлік келісімдердің 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім нормаларына сәйкестігіне талдау жүргізгенін еске салды. Оның айтуынша, Жамбыл облысының өңірлік келісімі жалпы Бас келісімді негізге алған. Алайда бұл диалогтың дамуын реттейтін және өңірдегі еңбек қатынастарының сапасын анықтайтын әлеуметтік әріптестіктің басты құжаты құжаты болғанына қарамастан оның көп бөлігінде ресмилік басым.

«Өңірлік келісімге қатысты әлеуметтік әріптестіктің бірлескен жұмысы барысында оның сапалы мазмұнмен толықтырылуына барынша мән берілуі қажет, ол кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмыскерлердің әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді. Қабылданған құжаттардың орындалуын бақылаудың да маңызы зор, сондай-ақ атқарылған жұмыстардың кеңінен жария етілуі де маңызды рөл атқарады», - деді ҚР КФ басшысы.

Ол Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында айтылған барлық талап-тілектер Кәсіподақтар федерациясының назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырысы аяқталар тұста Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР КФ төрағасы айтып өткен барлық ұсынымдар назарға алынатын мәлімдеді.

«Бүгін көтерілген барлық мәселелер жақында өтетін өңірлік үшжақты комиссия отырысында қаралады. Жамбыл облысының әлеуметтік әріптестері кәсіподақтар – әлеуметтік және еңбек қатынастарының дамуында басты серіктес екеінін түсінеді», - деп қорытындылады Жамбыл облысының әкімі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.