$ 518.34  591.06  6.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Биыл жол салынбайды, ол однозначно»: Орал қаласының әкіміне халық наразылығын білдірді

Шағын аудандағы халық саны 250 адамнан асады

«Биыл жол салынбайды, ол однозначно»: Орал қаласының әкіміне халық наразылығын білдірді

Орал қаласының іргесінде орналасқан шағын ауданның тұрғындары қалаға жете алмай әлек. Негізгі тас жолға дейінгі жермен көлік түгілі адам да жаяу жүре алмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Тұрғындар жергілікті әкімдіктен талай мәрте көмек сұрағанымен өзекті мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппай отыр. Ал оқушылар төртінші тоқсан басталғалы мектепке бармапты. Онлайн оқу да мүмкін емес, себебі ауылда интернет дұрыс істемейді.

«Мұғалімдер онлайн оқисыздар дейді. Ал бізде интернет нашар істейді. Балалар шатырға мініп оқуға мәжбүр. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес қой. Кеше бізге автобус жіберген жоқ. Ал бүгін жіберді, бірақ мектеп автобусы батпаққа батып қалды. Ауылдан бір шақырым да асқан жоқ. Амалдың жоқтығынан балаларды қайтадан кері қайтарып алдық», - дейді тұрғындар.

Шағын ауданнан негізгі тас жолға дейінгі аралық бар болғаны 6 шақырым жерді құрайды. Ең сорақысы көктемде қар еріп, жолы ми батпаққа айналған бұл жаққа жедел-жәрдем қызметі де келмейді екен.

«Жедел-жәрдем шақырып едік, ол сол күйі келмеді. Онлайн емдеу жүргізіп жатыр. Олай бола ма?! Баланың температурасы әлі түскен жоқ. Қысқасы жол керек», - дейді аудан тұрғыны.

Белгілі болғандай, шағын аудандағы халық саны 250 адамнан асады. Оның ішінде 90-нан аса оқушы бар. Тұрғындар бұл мәселені талай мәрте көтергенімен, атқамінерлер оны шешуге асығатын емес көрінеді. 

«Қала әкімінің есеп беру жиынына барған кезімізде жол салынбайды деп айтты. Былтыр «жобалық смета жасалды. Енді қаражаттың бөлінгенін күтіп отырмыз» деп айтқан. Бірақ ешқандай қозғалыс жоқ. Қыста да қиындықтар болады. Мәселен биыл қар дұрыс тазаланған жоқ. Енді күн жылыған кезде бәрі ериді. Ерігеннен кейін осындай балшық болады. Бұл мәселені талай мәрте көтердік. Әкімдікке де жаздық, хабарласып та айттық. Олар «Сіздер жалғыз емессіздер, басқа жақта да осындай қар бар» деген жауаппен құтылады», - дейді тұрғындары. 

Тұрғындардың айтуынша, Орал қаласы және Деркөл ауылының әкімдерімен болған кездесуде шаһар басшысы «биыл жол салынбайды, ол однозначно» деп мәлімдеген. Сол себепті халық ендігі ретте Үкіметтен көмек сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Орал #жол сапасы