Батпаққа батқан Алматы облысының тұрғындары наразылық білдірді
Шулаған халықтың назын естуге шенділер де шықты
Батпаққа батқан Алматы облысының тұрғындары бүгін әкімдіктің алдына жиналып наразылық білдірді. Шу шығарған қараша бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Олар әкімдік табалдырығын талай тоздырғанымен еш нәтиже шықпаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Қаскелең қаласының тұрғындары батпаққа шыланып толарсақтан саз кешіп жүргеніне 5-6 жыл болған. Жауған қар аралас жаңбырдан кейін мұндағы жолдар тіптен езіліп, жаяу адам түгіл көлікпен жүру мүмкін емес. Әкімдіктің құрғақ уәдесіне тойған халық өздері жолға құм төсеп, осы уақытқа дейін амалдап келгенін айтады. Жол шалшық су, батпақ. Көліктер тоқтаусыз жүріп жатқан соң, тұрғындар осы жермен жүруге мәжбүр. Аяққа батпақ тимес үшін олар осындай арнайы целлофан киеді. Бұдан бөлек, халық жарықтың азабын да тартып келеді. Осы жалғыз трансфарматор мектепті де, аурухананы да, бірнеше көшені де жарықпен қамтамасыз етеді. Ескі трансформатордың қуаты жетпей, тұрмыстық техникалар жиі күйіп кетеді екен. Осы мәселелерді плакатқа тізіп шыдамы таусылған тұрғындар бүгін аудан әкімдігінің алдына жиналды.
«Жолдан жүру мүмкін емес. Көліктің асты тиеді. Жаяу адамдар мүлдем өте алмайды. Жолды жауып тастаған өз еркімен. Соңғы төрт жыл бойы бұл жарықтың кернеуі мүлдем жоқ. Кір жуғыш, тоңазытқыш күйеді», - деді Қаскелең қаласының тұрғыны Әлібек Тойғанбаев.
Шулаған халықтың назын естуге шенділер де шықты. Алайда олар әдеттегідей уәде берумен ғана шектелуде. Жолға жауаптылар Бөктер, Мамыр көшелерінің күйін білсе де, жөндеу жобасын әлі әзірлемеген көрінеді.
«Біз былтыр да ол жаққа тексеру жасағанбыз. Ол көшені білеміз. Жолды жасауда бірінші жоба жасау керек. Жоба жасау алдында ЖСҚ әзірлеуге құжат дайындап өтініш береміз. ЖСҚ жасалғаннан кейін барып жөндеу жұмыстарына қаражатқа тапсырыс береміз», - деді Қарасай ауданы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақамбаев.
Тізеден келген тін батпақты өз көзімен көруге шақырғандарға: «Етің асулы тұр ма?» деген қала әкімі де ұлардай шулаған жұрттың алдына келді. Шенеунік бір аптаның ішінде шұрық жолдарды бітеп, шамдарды да орнатып береміз дейді.
«Қиыршық тас төсеп бастағанбыз. Қаражатқа байланысты мейрамның алдында болып қалды. Енді мейрамнан кейін қалған жұмысты жалғастырамыз. Балшық болмайды. Шалшық су болмайды. Жиі-жиі кездесіп тұрамыз тұрғындармен», - деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.
Алайда тұрғындар әкімдіктің сылдыр сөзіне сенуден қалған. Жергілікті биліктен әбден күдер үзген халық бұл мәселе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына шалынса деп отыр.