Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

Azattyq Rýhy

Бұл қызметке Нұрлан Дүйсенбинов келді 

Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

Бүгіннен бастап Ақсу қаласын Нұрлан Дүйсенбинов басқарады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Ақсу қаласының активіне Нұрлан Дүйсенбиновты жаңа әкім ретінде таныстырды. Өңір басшысы Жанат Шұғаевтың денсаулық жағдайы бойынша өз өтініші негізінде қызметінен босатылғанын атап өтіп, қызметі үшін алғысын білдірді.

Облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды тікелей қаржыландыру тетігін енгізуді жариялағанын атап өтті. 

"Әкімдерге әлеуметтік-экономикалық шараларды жедел шешу, халықтың әл - ауқатын арттыру бойынша жедел шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде кешенді шаралар әзірлеу керек", - деді Әбілқайыр Сқақов

Әбілқайыр Сқақов жаңа әкімге бірінші кезекте Ақсу қаласында жаңа қазандықты пайдалануға беру мәселесін тездетуді тапсырды. Сонымен қатар, Нұрлан Дүйсенбиновке Павлодар облысының 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасында белгіленген әлеуметтік бастамаларды бақылауға алу қажет. Олардың қатарында облыс әкімі білім беру саласы, жастар мәселесі, шағын және орта бизнесті қолдау және т. б. мәселелерді атап өтті. 

Нұрлан Дүйсенбиновтың мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар.  Ол облыстық Тексеру комиссиясының төрағасы болып еңбек етті. 2016 жылдан 2017 жылға дейін Ақсу қаласының әкімі қызметін атқарды. Кейіннен Павлодар облысы қаржы басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2020 жылғы наурыздан бастап жаңа тағайындауға дейін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.