$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордада жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды

Жастарға қызмет көрсету орталықтары елорданың барлық ауданында жұмыс істейді

Елордада жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы Байқоңыр ауданында орналасқан кезекті жастарға қызмет көрсету орталығын ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл орталықта 14-29 жас аралығындағы жастар мынадай мәселелер бойынша кеңес ала алады:
- Кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру;
- Волонтерлерді қабылдау;
- Тұрғын үй бойынша мемлекеттік бағдарламалар;
- Жастар бастамаларын қолдау (бизнес ашу, іс-шаралар ұйымдастыру, жобаларды қолдау);
- Бос уақытын пайдалы әрі тегін өткізу (спорттық секциялар және шығармашылық үйірмелер).

«Жастар саясаты мәселелері басқармасы жұмысының негізгі бағыттары – жастарға жан-жақты қолдау көрсету, консультативтік көмек көрсету. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің тапсырмасы бойынша жастарға қызмет көрсету орталығын ашып отырмыз. Мұндай орталықтар жастарымызды қолдауға арналған қандай бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатқанын білуі үшін қажет. Осы бағытта біздің орталықта «Астана жастары» орталығының, халықты жұмыспен қамту орталығының және «Отбасы банк» АҚ қызметкерлері тікелей жұмыс істейтін болады. Барлық сұрақ бойынша жастар күн сайын дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін кеңес ала алады. Консультативтік көмек барынша көрсетіледі», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

«Бүгінде жастарға қызмет көрсету орталығының ашылуының арқасында жастардың мұнда келуіне, кеңес алуына, депозиттік шот ашуына, тұрғын үй сатып алу жөнінде кеңес алуына керемет мүмкіндік бар. Сондай-ақ, біз осы жерде несие өтінімдерін қабылдай аламыз және осы жерде жастарға пәтер кілті тапсырылады», - деп атап өтті «Отбасы Банк» АҚ көшбасшысы, консультанты Рымкүл Есмұхамедова.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасовтың айтуынша, орталықта кәсіби бағдар беру бойынша қызмет көрсетіліп қана қоймай, өз ісін ашу үшін гранттар беріледі.

«Біз мамандығы жоқ адамдарды қайта даярлау курстарына жібереміз. Оқу тегін, ал мерзімі – үш ай. Содан кейін жастарға жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін мемлекеттік сертификат беріледі. Оқу кезінде оларға ай сайын 21 700 теңге көлемінде стипендия беріледі. Сол сияқты кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкерлер «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 1 миллион 225 мың теңге көлемінде грант ала алады», - деді Азамат Байтасов.

Айта кетейік, жастарға қызмет көрсету орталықтары елорданың барлық ауданында жұмыс істейді.

 
Серіктес жаңалықтары