Елордада коронавирустың басқа штамдары жойылып кетті ме? – қаланың бас дәрігерінің жауабы

Azattyq Rýhy

«Дельта» штамы кезінде анықталған жағдайлардың 30%-ы стационарларға жатқызылды

Елордада коронавирустың басқа штамдары жойылып кетті ме? – қаланың бас дәрігерінің жауабы
Фото ашық дереккөзден

Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай, КВИ пациенттері және оның жаңа түрі – «Омикрон» қаншалықты қауіпті екендігі туралы айтты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

«Соңғы 5-6 күнде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды, ауру азайды. «Омикрон» штамы кезінде ауруханаға жатқызылғандар үлесі айтарлықтай азайғаны қуантады, ал «Дельта» штамы кезінде анықталған жағдайлардың 30%-ын стационарларға жатқыздық. Қазір бұл көрсеткіш шамамен 15% немесе одан да аз. Реанимациялық көмекті қажет ететін ауыр науқастар да әлдеқайда аз», – деді басқарма басшысы тікелей эфирде.

Елордада ковидтің осыған дейінгі штамдары жойылып кетті ме деген сұраққа Мұратов былай деп жауап берді.

«Эпидемиологияда мынадай заң бар: жұрт жиі жұқтыратын ауру өзіне дейінгісін (инфекцияны) ығыстырып тастайды. Мысалы, «Дельта» штамымен ауыратын бір адам 2-2,5 адамды жұқтыруы мүмкін, ал «Омикрон» – 5 адамға дейін. Әрине, ол тез таралады, сол себепті алдыңғы штамның таралатын жері болмай қалады. Сондықтан ол ақырындап ығысады. «Омикрон» штамының салдары аса ауыр емес, дегенмен инфекцияның бұл түрін сондай жеңіл деп санауға болмайды. Біз ары қарай не болатынын білмейміз», – деді Тимур Мұратов.

Вакцинация ғана сіздің денсаулығыңыз бен өзгелердің денсаулығын қорғауға және ауруды әлдеқайда жеңіл түрде өткеруге мүмкіндік береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.