Елордаға жыл басынан бері 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды
89 млрд теңге инвестиция сомасына 1 700-ден астам жоба мақұлданды
Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы инвестиция бойынша осы жылдың 11 айдағы қорытындысын жариялады. Негізгі көрсеткіштер 1 трлн теңгеден асты, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,8 %-дық өсіммен 1 трлн теңгеден асты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімі көлемінің 14%-ға артқаны белгілі болды. Дәлірек айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде 1,1 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. Жалпы елордада өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары: металлургия, машина жасау, өзге де металл емес минералды өнімдер мен сусындар, тамақ өнімдерін өндіру болып табылады.
«Осы орайда бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 1 312 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,7%-ға артық. Сондай-ақ карантиндік шектеулерге қарамастан, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ға артып, 161 622-ні құраған. Осы жылдың қаңтар-маусымында шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны тиісінше 401,1 мың адамға дейін (11,9% - ға) өсті. Өз кезегінде, ШОБ субъектілерінің өсуі шығарылатын өнімнің 3 981,7 млрд теңгеге ұлғаюына алып келді», - делінген хабарламада.
Іске асырылып жатқан шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында 89 млрд теңге инвестиция сомасына 1 700-ден астам жоба мақұлданғаны хабарланды.
«2022 жылы ШОБ саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша өсу қарқынын сақтау жоспарланып отыр. Бұған осы жылдың қазан айында қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба ықпал етеді», - делінген ведомство хабарламасында.