$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көкшетауда 5 жыл бұрын басталған мектеп құрылысы биыл да аяқталмады

Мыңнан астам бала қала орталығы мен көрші ауылдағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр

Көкшетауда 5 жыл бұрын басталған мектеп құрылысы биыл да аяқталмады
Фото ашық дереккөзден

Көкшетауда құрылысы 2016 жылы басталған мектеп ғимараты әлі күнге дейін аяқталған жоқ, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Жергілікті билік өкілдері бұл мектеп биыл пайдалануға беріледі деп уәде еткен, Алайда осы жылдың жоспарынан тағы да сырт қалыпты. Жұрт жауаптылар жылда құрғақ сөзбен қатырып келеді деп наразы.

Бұл ықшам ауданда осы мектепке баруы тиіс мыңнан астам баланың көбі қазір қала орталығындағы, тағы біразы көрші Красный яр ауылындағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Қысы қатты Көкшеде бұл едәуір қиындық тудыратыны рас.

Мектептің құрылысы қазір тоқтаған. Қақпасы да тарс жабық. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, олар қазір нысандардың құрылысына жауапты емес екен. Дегенмен дәл осы мектептің жырына жақсы қанық.

 «Бұл жерде жобалардың кінәсі болды. Содан кейін жылдан-жылға құрылыс материалдары қымбаттауына байланысты осындай жағдайға тап болып отырмыз. Бұл жалғыз Көкшетау қаласында емес, 2019 жылы Аршалы ауданында екі мектептің құрылысы басталған болатын. Олардың да құрылысы қазіргі таңда тоқтап қалды», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.

Құрылысқа жауапты басқарма өкілдері «бұл мектеп қазір 90 процентке бітіп тұр. Енді ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртын абаттандыру ғана қалды»  дейді.

Ал мердігер құрылыстың биыл аяқталмауына қаржылық мәселелері себеп екенін айтады.

«Біз нысанды алдын ала қаржыландыра алмаймыз. Яғни мердігер алдымен өз қаражатына жұмыс жасап, сосын сол үшін ақшасын алады. Ал қазір құрылыс компаниясының соған шамасы келмей жатыр. Сол себепті де мектеп уақытында тапсырылмады. Дегенмен мердігер құрылыстың уақытында бітпегені үшін жауап береді», - деді  облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Рауан Оспанов.

Осылай деген жауаптылар мектеп құрылысы алдағы көктемде қайта жанданып, келесі оқу жылына дейін толық бітетінін жеткізді. Алайда осындай уәделерден әбден шаршаған жергілікті халық бұл сөзге де сенер-сенбесін білмей отыр.

 

Серіктес жаңалықтары