Қазақстан шетелге кеткісі келетін ауған әйелдеріне транзиттік дәліз ұсынады
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді
Қазақстан Ауғанстаннан көшуге ниет еткен әйелдерге гуманитарлық көмек ретінде транзиттік дәліз беруге дайын. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасының гуманитарлық саладағы халықаралық міндеттемелеріне бейілділігін негізге ала отырып, Мемлекет басшысы ауған әйел судьялары мен парламентшілері және олардың отбасы мүшелері үшін транзиттік дәліз беру туралы шешім қабылдады.
Транзит үшінші елдерге одан әрі ұшу үшін Алматы қаласының әуежайы арқылы халықаралық үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылды», - делінген СІМ баспасөз хабарламасында.
Айта кетсек, Ауғанстанда билікті талибандар (Қазақстанда тыйым салынған) басып алғаннан кейін басқа елге кеткісі келген азаматтар саны көбейген. Олардың ішінде елден шыға алмай қалған әйелдер де көп.