WhatsApp, Facebook және Instagram желілері істен шықты
Аталған әлеуметтік желілер әлемнің бірнеше елінде қолжетімсіз

WhatsApp мессенджері мен Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінің жұмысында ақау шығуына байланысты, әлемнің көптеген елінде оларға кіру мүмкін болмай отыр.
Аталған желілердің қолжетімсіз екенін Downdetector сайтынан да аңғаруға болады. Ал, Facebook компаниясының өкілдері проблема бар екенін Twitter арқылы мәлімдеді.
«Біз кей адамдардың біздің қосымшаларға, өнімдерге кіре алмай отырғанын білеміз. Қазір бәрін қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатырмыз, келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - деп жазылған Facebook компаниясының Twitter-парақшасында.
Айта кетейік, WhatsApp, Facebook және Instagram америкалық миллиардер Марк Цукербергке тиесілі. Мессенджер мен әлеуметтік желілер Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірнеше елінде істен шыққан.