Грузияда тұрғын үй бағасы қымбаттады
Бұған жылжымайтын мүлікке сұраныстың артуы себеп.

Грузияда демалатын шетелдіктер бұл елге инвестиция салуда да белсенді, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Қазіргі уақытта Грузиядағы туризм саласы дамыған қалаларда көп зәулім үйлер салынуда. Бұл үйлердің бағасы да сұранысқа сай қымбат болып тұр. Мұндағы жылжымайтын мүліктің 30 процентін шетелдіктер сатып алады екен. Грузия құрылысшылар қауымдастығының өкілінің дерегінше, бір жылда жаңа пәтерлердің бағасы 13%-ке өскен. Мәселен, қазір Тбилисидегі бір шаршы метрдің бағасы 800 мен 1000 доллар аралығында. Дегенмен, бұл Еуропа және көрші елдермен салыстырғанда арзан баға.
Пандемия кезінде тұтынушылық сұраныс сәл төмендеді. Бірақ тамыз айында сауда қайта жанданып, 2019 жылғы көрсеткіштен асып кетті. Алайда жергілікті тұрғындар үшін бұл тиімсіз. Өйткені соңғы жылдары жалақы өспеген әрі 14 процентке берілетін ипотека үстемесі де тым қымбат.
Тбилисиде шетелдіктер жылжымайтын мүліктің 2-3%-ін сатып алатын. Ал Батуми мен Гудаури секілді туристік өңірлерде үлесі едәуір көп. Қай елдің тұрғындары және қандай мөлшерде пәтер сатып алатыны жөнінде нақты статистика жоқ. Алайда құрылыс компанияларының өкілдерінің айтуынша, теңіз жағасындағы шипажайларда Түркия азаматтары ең көп үй сатып алады екен. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей мен Балтия елдерінің де тұрғындары белсенді.