Күзде жанармай тапшылығы болуы мүмкін – сарапшы

Жанармай нарығындағы жағдай Павлодар мұнай химия зауытының уақытша жабылуымен байланысты

Фото: ашық дереккөзден

Күзде елімізде жанармай қымбаттап, дизель отынының тапшылығы болуы мүмкін. Отандық сарапшылар осындай болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Жанармай нарығындағы жағдай Павлодар мұнай химия зауытының уақытша жабылуымен байланысты. Кәсіпорын жұмысы нақты қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.

Бұл мәселе сарапшылардың сынына ілікті. Өйткені отандық үш ірі мұнай өңдеу зауыты 2018 жылы модернизациялаудан өткен. Оған екі триллион теңгеден астам ақша жұмсалды. Модернизациялау негізіне еуропалық стандарттар алынып, бұл зауыттардың жыл жайынғы жөндеу мерзімін қысқартады деп жоспарланған еді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Еуропада зауыттар үш жылда бір толық жөндеуге тоқтайды. Ал бізде олар жыл сайын уақытша жабылады. Мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы күзгі науқан кезінде тоқтауы делдалдардың аранын ашып, бағаның шарықтауына әкеледі.

«Жан жағымыздағы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінде соляркіге баға көтеріліп кетті. Бізге қарағанда 100 теңгеге жоғары. Алып сату механизмі бұл жерді міндетті түрде жұмыс істейтіні рас қой. Және біздің де ішімізде осы өнімді сататын компаниялардың арасында әділетсіз жұмыс істеп жатқан компаниялардың барлығын көрсетіп отыр. Олар қоймаларын толтырып, бағалардың көтерілгенін күтіп отыр. Қолдан нарықта өнімін азайтып отыр. Бұндай жағдай жалғаса берсе міндетті түрде көтеріледі», - деді Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

Еске салайық, өткен жазда Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысының көлеңкелі тұстары бар екенін айтқан. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы мониторингі агенттігі мен Есеп комитетіне осы мәселе бойынша қыркүйектің бірінші онкүндігінде есеп беруді тапсырды. Ал күзге жоспарланған Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының қашан басталатыны алдағы жағдайға ықпал ететіні анық.

«Мұнай өңдеу зауыттары әр тоқтаған сайын нарыққа әсерін етеді. Ол тоқтаған кезде өнген өнім азаяды, сұраныс көбейеді. Баға шарықтайды. Ал Палодар мұнай химия зауыты уақытша жабылмаса, жанармай құны сол деңгейде қалады», - дейді Рашид Жақсылықов.

Айта кетейік, елімізде жазғы дизель отыны бір айда 1,3%-ке, ал бір жылда 8%-ке қымбаттап, литрі 198 теңгеге дейін өсті. Ең қымбат дизель отыны қазір Қостанайда – литрі 215 теңге, ең арзаны Семей мен Таразда – литрі 195 теңге.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.