Тоқаев белгілі қаламгер Несіпбек Дәутайұлының жақындарына көңіл айтты
Жазушы Несіпбек Дәутайұлы 29 тамыз күні дүниеден өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында хабарлады.
«Несіпбек Дәутайұлы баспасөз саласында жемісті жұмыс жасады. Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысы бойынша филиалына жетекшілік етті. Еліміздің рухани-мәдени байлығын арттыруға мол үлес қосты. Қарымды қаламгер ретінде шығармашылық жолдағы табыстары да өте мол. Тартымды туындылары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды, әдеби сыйлықтарға ие болды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Еске салсақ, жазушы Несіпбек Дәутайұлы 29 тамыз күні дүниеден өтті.