$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.05.2021, 17:38
Жаңалықтар

Сотталған Талғат Ермегияевтың ұлы Елбасы мен Президенттен көмек сұрады

Қазыбек Ермегияев ешқашан тегін ауыстыру туралы ойлмағанын айтты

Сотталған Талғат Ермегияевтың ұлы Елбасы мен Президенттен көмек сұрады

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтың ұлы алғаш рет әкесі жайында ашық айтып, Елбасы мен Мемлекет басшысынан көмек сұрады. Бұл туралы Қазыбек Ермегияев YouTube желісіндегі «Не ХаБаР» каналына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

2015 жылдың маусым айында Талғат Ермегияев қомақты қаржы жымқырды деген күдікпен үйқамаққа алынды. Дәл сол уақытта құқық қорғау қызметкерлерінің Ермегияевтың үйіне келіп, тексеріс жүргізгенін экс-шенеуніктің ұлы әлі де ұмытпағанын айтады.

«Ол күн әлі есімде. Үйге қара маска киген бір топ адам келіп, барлық бөлмелерді тінти бастады. Мен үшін күтпеген жағдай болғандықтан, ол сәтте аң-таң күйге түстім», - деді Қазыбек Ермегияев.

2016 жылдың 9 маусымында Талғат Ермегияевқа қатысты сот үкімі шығып, экс-шенеунік 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазыбек Ермегияев сұхбат барысында әкесінің үйінде өткізген соңғы күнін еске түсірді.

«Сол күні мен барлығынан ерте тұрып, әкемнің бөлмесіне кірдім. Ол төсекте демалып жатты. Әкемнің сол жақ көкірегіне басымды қойып, оның жүрек қағысына құлақ түрдім. Көзіме сәл жас келді, бірақ оны әкеме білдірмедім. Осылайша қоштастық. Бұдан былай әкеміздің біраз жылдар бойы жанымызда болмайтынын сезіп, отбасымызда бір-бірімізге қорған болу керектігін түсіндік», - деді Қазыбек.

Талғат Ермегияев сотталған жылы оның екі ұлы да АҚШ-та білім алып жүрген екен. Алайда оқуды ақылы түрде жалғастыруға мүмкіндігі болмай, отбасында қаржылық қиындықтар туғаны белгілі болған.

«Нақтырақ айтқанда, ағамыз екеумізде шетелдегі оқуымыздың ақысын төлейтін мүмкіндік болмады. Сол үшін барынша оқуға зер салып, барлық спорт жарыстарына қатысып, әскери жүйеде өзіміздің біліктілігімізді көрсетуге тырыстық. Осылайша грантқа ие болып, оқуымызды тегін жалғастырдық», - деді сұхбат барысында Талғат Ермегияевтың ұлы.

Сұхбат барысында Қазыбек әкесінің істі болғанына қарамастан, ешқашан тегін ауыстыру туралы ойлмағанын айтты.

«Менің тегім ешқашанда маған келдергі келтірген емес. Керісінше, мен оны мақтан тұтамын. Өйткені, менің аталарым - Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Олардың бірі Жамал Ермегияев соғыс алаңында қайтыс болған. Бұрхандин Ермегияев қанды майданда жарақат алды. Туған атам Амангелді Ермегияев Алматы қаласының құрылысына үлкен үлесін қосқан адам», - деді Қазыбек Ермегияев.

Әңгіме соңында Қазыбек Ермегияев әкесінің үкіміне қатысты Елбасы мен Мемлекет басшысынан көмек сұрады.

«Мен Талғат Ермегияевтың ұлы - Қазыбек Ермегияев. Аса құрметті Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауына жүгінемін. 2015 жылдан бері біз әкесіз өсіп келеміз. Бұл біздің эмоционалды күйіміз бен денсаулығымызға қатты әсер етті. Отбасымыздың атынан әкеміздің ісіне көңіл бөлуді сұраймыз. Біздің сотқа жазған өтініштеріміз әділетсіз әрі қараусыз қалуда», - деді Қазыбек Ермегияев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары