Биыл Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы 73%-ға қысқарады – Сағынтаев
Шаһарда білім беру нысандарын жеделдетіп салудың үш жылдық арнайы бағдарламасы қабылданды
Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфирде қалалықтардың мектептерге, балабақшаларға, медициналық мекемелерге, спорттық кешендерге деген сұранысын қамтамасыз ету міндеттерін шешу туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімінің айтуынша, Алматы қаласының тұрғындарының саны жылдам өсіп жатыр. Тек соңғы 10 жылда қала аумағы екі есеге өскен, ал Алматы агломерациясының халқы бүгінде 3 млн астам адамды құрайды. Оның үстіне, халық саны табиғи жолмен өсуде, жыл сайын 30-35 мың жаңа туған нәресте өмірге келуде, сондай-ақ ішкі көші-қон да едәуір ұлғайюда.
Демографиялық процестердің нәтижесінде 10 жыл ішінде қалада мектеп жасына дейінгі балалар саны 79 мың балаға артты. Мектепке дейінгі ұйымдарға 1-6 жас аралығындағы 45 мыңнан астам бала, 3-6 жас аралығындағы 21 мың бала кезекте тұр. Осы уақыт ішінде мектеп оқушыларының саны 120 мың адамға өсті. Бүгінде орташа жылдық өсімнің 12 мың оқушыға артуы барысында мемлекеттік мектептердің 40%-ының жүктемесі ұлғайған.
Сондықтан, бүгінде әкімдік алдындағы кезек күттірмейтін басты міндет — қаланың мектепке дейінгі және білім беру орындарына деген сұранысын тым болмаса, таяу жылдар ішінде толық жабу.
Осыған орай, білім беру нысандарын жеделдетіп салудың үш жылдық арнайы Бағдарламасы қабылданды.
Өткен жылы 670 орынды 4 мемлекеттік күндізгі ясли-бақша және 1,3 мың орынды 48 жеке мектепке дейінгі ұйым салынды. Бұлардан өзге, 640 орынды 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, ұзақ мерзімді жалға беруді қайтару әрі сейсмикалық нығайту мен күрделі жөндеуден кейін 315 орынды мемлекеттік балабақша ашылады.
«Мектепке дейінгі орындардың тапшылығын азайтуға шағын бизнес белсенді қатысуда. Тек биылдың өзінде 5 мың орынды 65 жеке балабақша ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, 2,3 мың орынды 10 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, оларды салатын орындар анықталуда.
Мектепке дейінгі білім берудегі тағы бір маңызды мәселе — ата-аналардың ақы төлеуі. Үкімет біздің жеке балабақшалардағы қосымша қызметтердің бюджетін ішінара өтеу туралы бастамамызды қолдады», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Баламалы шешім ретінде балалары кезекте тұрған отбасылар үшін ваучерлі тетіктің критерийлері анықталуда, олар — аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жас отбасылар, мүгедек ата-аналар, жалғызбасты аналар.
Қазір осы мәселеге қатысты дайындық жұмыстары жүруде әрі бұл тетік алғаш рет Алматыда іске асатын болады, соның арқасында мектепке дейінгі білім берумен қосымша 5 мың баланы қамтуға мүмкіндік туады.
Орта білім беру саласында мектептер салу және модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 15 жаңа мектеп және қолданыстағы 21 мектептің жанынан 22 мың орынды қосымша нысандар салынды. 2020 жылы Әуезов және Түрксіб аудандарында 2 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді (1800 орын), қолданыстағы мектептер жанынан 5 қосалқы нысан (2017 орын) іске қосылды және 5,2 мың орынды 2 жекеменшік мектеп (1390 орын) пайдалануға берілді.
«Биыл бюджет есебінен Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12,6 мың орынды 8 мектеп салынуда. Мектептер жанынан 8,2 мың орынды 17 қосалқы нысандар салынуда. Оқу үдерісін жақсарту үшін инвесторлар да тартылуда. Биылдың өзінде 1700 орынды 6 жекеменшік мектеп ашылатын болады.
Нәтижесінде, 2021 жылы мектептердегі орын тапшылығы 73% немесе 22,6 мың оқушы орынға қысқарады. Оның үстіне,мұғалімдер мен басқа мамандарға 1,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады»,- делі шаһар әкімі.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдары 6 мыңға жуық оқушы орынға арналған тағы 14 жобаны іске асыру жоспарлануда.
МЖӘ аясында қосымша 8 мектеп салынады және реконструкцияланады.
Қала әкімдігінің қолдауымен «Алматы 2025» дамыту бағдарламасы және басқа да стратегиялық жоспарлар аясында пандемияға қарамастан барлық бағыттарда тоқтаусыз жұмыс жалғасып келеді.
«Мектептердегі бірінші сыныпқа баратын оқушыларының саны бірнеше жыл қатарынан үнемі екі есеге артты. Осы және басқа статистикалық ақпарат балаларды оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін балабақшалар мен мектептерден орын беру үшін біздің қазіргі және кейінгі есептеулеріміз үшін өте маңызды.Бүгінгі күні қалада өткен жылдармен салыстыруға келмейтін қарқынмен білім беру нысандарының белсенді құрылысы жүріп жатыр. Алматыда 45 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға бару үшін өз кезегін күтіп жүр. Сонымен, биыл Наурызбай ауданының Ақжар және Таусамалы шағын аудандарындағы мектептер аумағында жалпы 240 орындық 2 балабақша пайдалануға берілуде. Бұрын мұнда балабақша болған емес», - деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззәт Жылқыбаева.
Жуырда Бостандық ауданында мектеп алаңында 120 орындық жаңа балабақша ашылады. Түрксіб ауданында салынып жатқан «Жас қанат» мөлтек ауданында қазірдің өзінде 2 балабақша жұмыс істейді, оған 600-ден астам бүлдіршін барады. Алайда бұл ықшамауданда тұрғын үйлердің құрылысын салу жалғасуда, сондықтан 280 орындық тағы бір балабақша салу туралы шешім қабылданған. Бұдан бөлек Әуезов ауданында жөндеу жұмыстары аяқталған соң 315 орындық балабақша ашылады. Бостандық ауданының «Орбита» шағынауданындағы бұрынғы балалар үйінің ғимаратында әрқайсысы 320 орынға есептелген 2 мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда.Дәл осындай жобалық қуаты бар тағы бір балабақша - 320 орын Әуежай аймағында салынады.
Жетісу ауданында Ратушного көшесінде 280 орындық жаңа мемлекеттік балабақша ашылады. Бүгінгі таңда Алматыда 207 мемлекеттік, 71 жекеменшік мектеп бар.270 мың оқушы мемлекеттік, 17,3 мың бала ақылы мектептерде білім алып жатыр.Бірақ, оқушы санының артуына байланысты орта білім беретін орындар жетіспейді.
«Биыл 12 600 орынға арналған 8 жаңа мемлекеттік мектеп салынатын болады. Бүгінгі күні ең көп орын тапшылығы бар Алатау ауданында 5 мектеп салынады. «Дархан» ықшамауданында мектептің болмауына байланысты 1500 орынға арналған жаңа мектеп салынады. «Томирис» ықшамауданында бастауыш сыныптың оқушылары 156 мектептің филиалында оқып келген. Бұл кішігірім ғимарат көмірмен жылытылатын. Қазіргі таңда осы мектептің орнына 1500 орынға арналған автономды газбен жылытылатын жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Рахат-Мәдениет» ықшамауданында үш ауысымда оқытатын 196 мектеп орналасқаны мәлім. Бұл мектепте оқушылардың контингенті жобалық қуатынан әлдеқайда жоғары, сондықтан бұл ауданда тағы бір 1500 орынға арналған жаңа мектеп салынып жатыр. Нәтижесінде қаладағы жалғыз үш ауысымды мектептің мәселесі шешілетін болады», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Түрксіб ауданындағы «Қайрат» ықшамауданында жобалық қуаты 1500 орындық жаңа мектеп салынады. Айтпақшы, 8 мемлекеттік мектептің құрылысын жобалауда шет елдердің тәжірибесі ескерілген. Жаңа дизайн, заманауи формат қолданылған. Бұл мектептердің бірегейлігі олардың ерекше конфигурациясында болатынын ескеру қажет.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы