Депутат 3,3 млрд теңгеге тау шаңғы кешенін салып жатыр
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов құны 3,3 млрд теңге Қар-алма тау және шаңғы кешенін жеке кәсіпкер өз қаражатына салып жатқанын айтты
Жуалы ауданындағы тау шаңғы кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған. Әкімдік инвестор іздеп, аймақтағы кәсіпкерлердің басын қосқанда, бір адам осындай ірі жобаға қаржы құюға келіскен. Azattyq Rýhy тілшісінің әкімнен сұрап білгені, ол - облыстық мәслихаттың депутаты.
«Қар-алма тау шаңғы кешеніне инвестиция құйып жатқан отандық кәсіпкер, отандық болғанда да, Жамбыл облысының азаматы. Кезінде осы жобаны қараған кезде бюджеттің мүмкіндігі шектеулі болды. Облыстағы кәсіпкерлерді жинап, Қар-алма ғана емес, басқа бірнеше жобаны таныстырған едік», - дейді әкім аймақтағы ірі кешен жеке бизнестің қолында екенін айтып.
Асқар Мырзахметов кәсіпкер ақшасын ақтап алады дегенге сенеді.
«Өйткені, былтыр, шаңғы тебетін жол салынбай тұрып, Тараздан Қар-алмаға барып демалғандарды көп көрдік», - дейді облыс әкімі. «Кешенді жоспарлағанда, қарды ескердік. Жуалыда қар тау етегінде емес, үстінде жатады. Алатаудың етегі болғанмен, Қаратаудың үсті. Қар кемі 3-4 ай ерімей жатады», - деп атап өтті әкім.
Ал, 2 қонақ үйі, 3 мейрамханасы, демалатын коттеждері бар кешенді салып жатқан – Әлімбек Жұмабаев. Асқар Мырзахметов оны «облыстық мәслихаттың депутаты, аймақтағы белгілі меценат» деп сипаттады. Ашық дереккөздерде Әлімбек Жұмабаевтың биографиясы аз. Оның «"ALTAIS GROUP" атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Қызмет саласы – көтерме сауда және автокөлік пен мотоциклдерді жөндеу. Әлімбек Жұмабаев аймақтағы спорттық шараларға үнемі демеуші болатыны белгілі. Кезінде облыстық еркін күрес федерациясының президенті болған. Өзінің кәсіпорны аттас футбол командасы бар. 2018 жылдың 30 қазанында облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан