Ақпан айындағы Қазақстанның үздік спортшысы анықталды
Жанкүйерлер бокстан Қазақстан құрамасының өкілі Валентина Хальзованы үздік деп таныды
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми сайтында айдың үздік спортшысын анықтау үшін дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Ақпан айындағы ең үздік спортшыға дауыс беру қорытындысы бойынша, бокстан Қазақстан құрамасының өкілі Валентина Хальзова жеңіске жетті. Дауысқа бас-аяғы алты үміткер ұсынылды. Олар: Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо), Валентина Хальзова (бокс), Шерзод Хаширбаев (фристайл-акробатика), баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы, Әсем Орынбай, Ольга Панарина, Рината Насырова (стенд ату) және Юлия Галышева (фристайл могул).
Оқи отырыңыз: Токио олимпиадасы: Қазақстан қоржынында қанша жолдама бар, спортшылардың бабы мен дайындығы
Дауыс беру бүгін, 9 наурызда сағат 09:00-де аяқталды. Нәтижесінде жанкүйерлердің ең көп даусын жинаған Валентина Хальзова топ жарды. Бокстан Қазақстан құрамасының өкілі 67,20% басымдықпен үздік атанды. Екінші орынға Ғұсман Қырғызбаев, үшінші орынға Шерзод Хаширбаев жайғасқан.