Мобильдік интернеттің жылдамдығы: Қазақстан әлемдік рейтингте үш сатыға жоғарылады
Қазақстан мен Қырғызстан интернет жылдамдығы бойынша Орталық Азия елдері арасында көшбасшы
Пандемия жағдайында интернеттің сапасы мен жылдамдығы экономика үшін өте маңызды. Өйткені, енгізілген шектеулерге байланысты халықтың дені қашықтан жұмыс істеп, бизнесін интернет көмегімен жүргізіп отыр.
2021 жылдың қаңтар айындағы мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша әлем елдері рейтингінде БАӘ бірінші орынды иеленді: онда интернеттің жылдамдығы секундына 183,03 мегабитті құрайды, деп хабарлады ranking.kz.
Үздік бестікке Оңтүстік Корея, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы енді. Қазақстан өз кезегінде позициясын 3 сатыға жақсарта отырып, әлем бойынша 103-орынға ие болды. Бұл ретте Қазақстан рейтингтегі өсу деңгейі бойынша ТОП-25 елдің қатарына енді. Қазақстанда мобильді интернеттің жылдамдығы бір жыл ішінде 6,6% өсіп, секундына 20,15 мегабитке дейін жетті.
Қазір Қазақстан мен Қырғызстан интернет жылдамдығы бойынша Орталық Азия елдері арасында көшбасшы.
Айта кетсек, интернетке қолжетімді ұялы байланыс абоненттерінің саны елімізде 16 миллионға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8% көп. Сондай-ақ коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан жұмыс істейтіндер мен қашықтан білім алатындардың саны анағұрлым өскен.