$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.12.2020, 02:09
Жаңалықтар

Корея сахнасын бағындырып жүрген қазақ қызы: «Әлемге танымал болуға мүмкіндігім бар»

Мыңдаған адам бақ сынаған кастингтен сүрінбей өткен Айғаным Жалинова музыкалық топтың мүшесі атанды

Оңтүстік Кореяның үлкен сахнасында алғаш рет қазақ қызы өнер көрсетті. Жиырма жастағы Айғаным Жалинова бірнеше тілде еркін сөйлейді. Ол өз талантымен бүкіл әлемге танымал болуды армандайды. Жақында Айғаным өнер көрсететін музыкалық топтың тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Студент Айғаным Жалинованың күнделікті тіршілігі таңнан кешке дейін вокал мен би сабақтары арасында өтеді. Жергілікті «Альфа Рэй» тобындағы жалғыз шетелдік – Айғаным. Топ мүшесі атану үшін ол мыңдаған адам бақ сынаған көпсатылы кастингтен өткен. Кореяда тұрған екі жарым жыл ішінде ол жергілікті дәстүр мен корей тілін жақсы меңгеріп те алған.

«Корея адамдары өздерінің ойларын тіке айтпайды. Ұнамаса да ұнады деп айналдырып айтады. Ал бізде тікелей айтып тастаймыз ғой. Сол жағы кішкене қиын болды. Сосын айырмашылығы, бізде, Қазақстанда 24 сағат бойы жұмыс істейтін дүкендер жоқ. Ал мұнда 24 сағат істейтін дүкендер бар. Біз көбіне тамақты үйде жасайтын болсақ, олар көшеге шығып, мейрамханада немесе асханада тамақтанғанды жақсы көреді», - дейді корей тобының мүшесі Айғаным Жалинова. 

«Алтын белгі» иегері өз өмірін шығармашылықпен байланыстырамын деп ойламаған. Өйткені ол мектеп қабырғасында жүргенде музыкалық жарыстарға емес, математика және информатика пәндері бойынша олимпиадаларға қатысқан екен.

Бірақ Кореяға Айғаным эстрадалық топтың мүшесі атану үшін арнайы мақсат қойып келген. Нәтижесінде, талантты қызды жиырма жылдық тәжірибесі бар, білікті маман, француз продюсері байқайды. Оның компаниясының мақсаты – Шығыс пен Батыстың мәдениетін біріктірген команда құру. Бұл мақсатқа қазақстандық қыз толық сәйкес келді.

«Қазақ қыздары өте әдемі. Жалпы, халқы өте әдемі, мәдениеті жоғары. Қазақстан – Еуропа мен Азияның арасында орналасқан ерекше ел», - дейді компания директоры, продюсер Джун Хе Шпильман.

Топ мүшелері дебютке дайындалуда. Ал бос уақытында Айғаным оларға қазақ тілін үйретеді.

Ақтөбелік Айғаным Димаш Құдайбергенмен бір мектепте оқыған екен. Әлемге танымал жерлесі секілді өршіл қыздың да алға қойған мақсаты биік.

«Кореяда ғана емес, бүкіл әлемде танымал болуға мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Өйткені ұжымымда бірге жұмыс жасап жатқан адамдардың барлығы тамаша жандар», - дейді Айғаным Жалинова. 
 

Серіктес жаңалықтары