Жемқорлықпен күдікке ілінгендерге электронды білезік тағылады
Агенттік электрондық бақылау құралдары – «білезіктерді» пайдалануды бастады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеудегі тұлғаларға қатысты күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шараларын таңдау кезінде электронды білезіктерді пайдалануды бастады. Бұл туралы Алик Шпекбаевтың цифрландыру мәселелері бойынша кеңесшісі Аслан Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Электронды білезік арқылы агенттіктің орталық аппараты күдіктінің қайда жүргенін, не сөйлескенін – бәрін бақылай алады. Үй қамаққа қамалған шенеуніктің үйіне арнайы модуль орнатылады.
«Бақылаудағы тұлғаның рұқсат етілген периметрдің шегінен тыс шығуы қажет болған жағдайда (мысалы, қылмыстық қудалау органына келуі), әкімші жол жүру бағытын айқындайтын болады. Бұл объектінің тікелей қызмет орны бойынша қозғалу жағдайларына да қатысты. Жабдық жиынтығына бақыланатын тұлғаның кез келген құқыққа қарсы әрекеттерін тіркейтін акселерометрмен және гироскоппен жабдықталған қорғалған станция (смартфон нысанында), электрондық білезік, радиомаяктар кіреді. Құрылғының өзі денеге тағылатын пассивті радиоэлектрондық білезік болып табылады (күдіктінің (айыпталушының) аяғына орнатылады). Онда корпусты рұқсатсыз алып тастауға және ашуға қарсы кіріктірілген бақылау жүйесі бар. Білезіктің уыттылық деңгейі бойынша сәйкестік сертификаты және қажетті қауіпсіздік регламенттері бар, ал оның салмағы небары 40 граммды құрайды. Бұл бақылаудағы тұлғаның білезікті киюінің қолайсыз жағдайларын едәуір азайтады. Оны алып тастау немесе оның тұтастығына қандай да бір түрде механикалық әсер ету әрекеті туралы дерек бас диспетчерлік пунктке және қылмыстық процесті сүйемелдеуге жауапты адамдарға келіп түседі», - деді Аслан Құсайынов.
Бақылаудағы тұлғаны тексеру қажет болған жағдайда жүйеде оның биометриялық деректерін тексеру функциясы көзделген. Тергеудегі тұлғаларды бақылаудың өзі аумақтық бөлімшелердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отыра, Агенттіктің орталық аппаратының ғимаратында орналасқан бас диспетчерлік орталық арқылы жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде аталған тәжірибе алғаш рет Қарағанды қаласының мамандандырылған тергеу сотының шешімімен қылмыстық іс бойынша күдіктіге қатысты «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау кезінде қолданылған.
Осылайша, күдіктілер мен айыпталушылардың орналасқан жерін жаңа электрондық девайстардың көмегімен тәулік бойы мониторингтеу және бақылау күдіктілердің бұлтартпау шараларының шарттарын бұзу фактілеріне жедел әрекет етуге және олардың тергеуден және соттан жасырыну әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жобаны қазақстандық компания жүзеге асырған. Бір білезіктің құны шамамен 50000 теңгені құрайды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан