Нұр-Сұлтанда 2 жаңа эко-парк салынады
Табиғи саябақтардың құрылуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік бермек
Астанада екі экологиялық саябақ салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Соның бірі Талдыкөл көлінің жанында болады. Жоспарланған аумақ қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы 5700 гектарды құрайды.
Сондай-ақ аумақ бойында болашақ биологтар мен орнитологтар үшін көру алаңдары мен эксклюзивті білім беру орталықтарын салу жоспарлануда. Осылайша, инфрақұрылымды құру кезінде Талдыкөл саябағы экологиялық туризмді дамыту орталығына айналуы мүмкін.
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қызметкерлері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығымен бірге Ұлыбританиядағы әріптестерімен бірлесе отырып, Лондонның батпақты су айдыны орталығы, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы, Minsmere Reserve қорығы үлгісінде табиғи саябақтарды жобалау мен салудағы халықаралық тәжірибені зерттеп, жетекші орнитолог мамандармен кездесулер өткізді.
Табиғи саябақтың құрылуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен сирек кездесетін құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік береді.
Майбалық көліндегі екінші экопарк те сол сияқты тартымды орын болмақ (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы). Оның жалпы ауданы – 400 гектар, су қоймалары – 120 гектар. Саябақ кешенінде балық аулауға арналған жасанды су қоймалары, ерекше қорғалатын жағалау аймақтары, серуендеу және велосипед жолдары, спорттың белсенді түрлері үшін аймақтар және аумақтың бірегей экожүйесін сақтауға арналған алаңдар құру қарастырылған.
Туристерді жануарлар дүниесінің алуан түрімен таныстыруға арналған экологиялық маршруттар мен соқпақтар жасау жоспарлануда.
Майбалық көлінен шығысқа қарай орналасқан аумақта туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды заманауи табиғи аймақ ұйымдастырудың әлеуеті жоғары. Ұсынылып отырған аймақ барлық табиғи ерекшеліктерді – климатты, флораны, фаунаны ескере отырып, экологиялық парк құруға қолайлы. Бұл территорияда өсімдіктердің 100-ге жуық түрі өседі, құстардың 200-ден астам түрі тіршілік етеді. Оның ішінде ұя салатын және жыл құстары, сүтқоректілердің 30-дан астам түрі бар. Бұл ауданда балық өсіру жоспарланып отыр. Саябақта балық мейрамханасы жұмыс істейді.
Саябақтың ерекшелігі – мұнда мекендейтін жануарлар мен құстардың еркін жағдайда және жергілікті табиғат зонасына тән болуы.
Ат спорты клубын ашу жоспарлануда. Бұл дегеніміз, саябақ аумағын ат үстінде аралауға болады. Майбалық көлінің аумағы ерекше қорғалатын аймақ болады. Одан шығатын арналар «тірі артериялар» сияқты барлық азаматтарға көлге емін-еркін жетуге мүмкіндік береді. Болашақта орман саябағы қарқынды дамып келе жатқан қаланың жасыл орталығына айналады. Бұл елорданың жасыл капитал идеясын жалғастыру үшін маңызды қадам.
«Бүгінде қала «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» бас жоспары аясында дамып келеді. Осы құжаттың міндеттерінің бірі – елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін тартымды орталықтар құрып, ішкі туризмді дамыту. Осындай эко-парктер Нұр-Сұлтанның жасыл белдеуін қалыптастыру жобасына сәйкес келеді және демалушылардың сүйікті орнына айналуы мүмкін. Жобаның тұжырымдамасы – барлық биоалуантүрлілік пен табиғи көріністермен белгілі бір қорғалатын аумақ құру. Экологиялық туризмді ат маршруттарын құра отырып дамыту жоспарлануда. Осы мақсатта саябақтың қонақтары үшін арнайы соқпақтар жасалады», – деді Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаев.