Қазақстанда Президент тапсырмасы бойынша кешенді әскери реформа басталды

Қазақстанда Президент тапсырмасы бойынша кешенді әскери реформа басталды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған Әскери реформа жоспарын жүзеге асыру басталды. Өзгерістер Қарулы күштердің құрылымын, әскери басқару жүйесін, әскерлердің даярлығын, әскери қызмет өткеру тәртібін және әскери қызметшілердің құқығын қорғау мәселелерін қамтиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан дамыған армия қалыптастыру міндетін қойды. Бұл ретте әскери қызметтің қауіпсіздігіне, командирлік мәдениетке және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға ерекше назар аударылады.

Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы, қорғанысты жоспарлау, жұмылдыру дайындығы және резервті қалыптастыру жүйесі сынды армияның негізгі құрамдас бөліктерін жетілдіру жоспарланып отыр.

Технологиялық қайта жарақтандыру отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытумен, оның ішінде ұшқышсыз құралдарға қарсы іс-қимыл құралдарын өндірумен, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізумен қатар жүзеге асырылмақ.

Әскерлердің дайындық сапасын арттыру және әскери оқу-жаттығуларды өткізуге жұмсалатын шығындарды азайту мақсатында ұрыс қимылдарын модельдеуге мүмкіндік беретін симуляциялық бағдарламаларды енгізу көзделіп отыр. Енді әскери қызметшілердің жаңа тактиканы меңгеруін, заманауи қару-жарақ үлгілерін қолдануын ескере отырып, олардың өз бетінше де, бөлімшелер құрамында да сенімді әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Негізгі өзгерістердің бірі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделіне көшу. Алғашқы алты айда бір шақырылымдағы сарбаздар оқу орталықтарында болып, әскери қызметке бейімделеді, бастапқы әскери білім алады және дене дайындығын шыңдайды. Оқу үдерісі аясында сарбаздар тіл үйреніп, жасанды интеллектіні пайдалану дағдыларын дамыта алады. Сонымен қатар әскери қызметшілер әскери мамандықтармен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие азаматтық жұмысшы кәсіптерін де меңгере алады.

Келесі алты айда әскери қызметшілер әскери бөлімдерде қызмет атқарып, жауынгерлік даярлығын жетілдіріп, бөлімше құрамында қойылған міндеттерді орындайды. Жаңа модельдің жекелеген элементтері «Sarbaz+» жобасы аясында сынақтан өткізілді. Екі кезеңді мерзімді әскери қызмет моделінің пилоттық жобасын 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Әскери қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға және әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ әскери бөлімдердің қолбасшылығына тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру көзделіп отыр. Олар әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың заңды мүдделерін қорғауға көмектеседі.

Басым міндеттердің бірі – әскери қызметшілерді сапалы тамақпен және әскери киім-кешекпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар казармалар қорын, оқу нысандары мен әскери полигондарды жөндеу және қалпына келтіру де жоспарлануда.

Өзгерістер жастарды даярлау жүйесін де қамтиды. 2027 жылдан бастап «Жас қыран», «Жас ұлан» және «Жас сарбаз» кезеңдерін біріктіретін «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлау жүйесін құру көзделген. Қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, алғашқы көмек көрсету мен төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге үйрету мектептен басиалмақ.

Әкімдіктермен бірлесіп, жалпы білім беретін оқу орындарында алғашқы әскери дайындықтың сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ мамандандырылған әскери мектептер желісін дамыту жұмыстары жалғасады.

Жоспардың ұйымдастырушылық іс-шараларын жыл соңына дейін жүзеге асыру көзделген, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер орта мерзімді перспективада іске асырылады. Қорғаныс министрлігі әскери реформаның жүзеге асырылу барысы туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырады.