Теміртауда 320 орындық инклюзивті балабақша салынып жатыр
Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған
Теміртауда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 320 орындық жаңа балабақша бой көтеріп жатыр. Мұнда балалар робототехникамен айналысып, STEM бағытында алғашқы тәжірибелер жасап, қыш бұйымдарын үйренеді. Сондай-ақ даму ерекшеліктері бар бүлдіршіндердің қатарластарымен бірге білім алып, ойнауына жағдай жасалады. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балабақша Теміртаудың 4А шағынауданында салынып жатыр. Республика күні қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңына барып, болашақ мектепке дейінгі ұйымның мүмкіндіктерімен танысты.
Жоба аясында балалардың қабілетін дамытуға арналған робототехника кабинеті, STEM кеңістігі, бейнелеу өнері шеберханасы мен қыш бұйымдарын жасау студиясы ашылады. Сонымен қатар кітапхана мен қысқы бақ қарастырылған.
Балабақшада инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Аутизмі, есту, көру, сөйлеу және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларға қатарластарымен бірге тәрбиеленуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін сенсорлық бөлме, логопед пен психолог кабинеттері және арнайы жаттығу құрылғылары жабдықталады.
Нысан аумағында көлеңкелі қалқалары бар 13 серуен алаңы, спорт алаңы және ортақ ойын кеңістігі салынады. Қор өкілдері тәрбиешілер мен педагогтерді балаларды оқыту мен дамытудың заманауи әдістеріне үйретуді де жоспарлап отыр.
Жаңа балабақшаның құрылысы қаладағы мектепке дейінгі орындарға деген қажеттілікті өтеуге көмектеседі. Ол орналасқан аумақта жаңа тұрғын үйлер салынып, жас отбасылардың қатары артып келеді. Қазірдің өзінде 180 пәтерлі екі әлеуметтік үйге тұрғындар қоныстанған. Бұдан бөлек, тағы 270 пәтерлі үш көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Балабақша пайдалануға берілгеннен кейін балаларға арналған жаңа орындар ашылып қана қоймай, педагогтерге, медицина және техникалық қызмет мамандарына жұмыс орындары құрылады.
«Балабақша құрылысын аяқтау ғана емес, оның жұмысқа толық дайын болуын қамтамасыз ету де маңызды. Барлық инженерлік коммуникациялар уақытылы тартылып, тиісті желілерге қосылуы тиіс. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару қажет. Осы мақсатта техникалық және авторлық қадағалау қызметтері әр кезеңде тұрақты бақылау жүргізуі керек. Мерзімдердің бұзылуына жол бермей, барлық мәселені жедел шешу қажет», - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
«Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысындағы әлеуметтік жобаларға осы уақытқа дейін 26,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Теміртауда қордың қолдауымен Әлихан Бөкейхан атындағы гимназияның материалдық-техникалық базасы жаңартылып, химия, физика және биология кабинеттері жабдықталған. Сондай-ақ қаланың 30 мектебіне спорт алаңдары орнатылған.