Астанада адасып кеткен екі бала аман-есен табылды
Дабыл түскен бойда жедел іздестіру тобы құрылып, іздестіру жұмыстарына 200-ден астам адам қатысқан
17 қазан күні кешкі уақытта Астана қаласының полициясына 11 және 14 жастағы екі кәмелетке толмаған бала адасып кетті деген хабарлама түскен. Балалар елорданың шетіндегі ашық далада адасып кеткендерін айтып, көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, жасөспірімдер биік шөп пен қалың өсімдіктер өскен ашық аумақ арқылы қалаға қарай жаяу бет алған. Алайда қараңғы түсе бағдардан жаңылысып, өз беттерінше жол таба алмаған.
Дабыл түскен бойда жедел іздестіру тобы құрылып, іздестіру жұмыстарына 200-ден астам полиция қызметкері, ТЖМ мамандары, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен еріктілер жұмылдырылды. Сондай-ақ арнайы техника мен қызметтік іздестіру иті тартылды. Нәтижесінде екі бала да аман-есен табылып, ата-аналарына тапсырылды.
Оқиғадан кейін кәмелетке толмаған балалардың заңды өкіліне қатысты әкімшілік шара қолданылды. Ол балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері балалармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, ересектерсіз бейтаныс жерлерге баруға болмайтынын түсіндірді.