Шымкентте 1,5 миллион долларға жаңа спорт кешені салынып жатыр
Нысан 2020 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі

Шымкент қаласында Shooting plaza атты көпсалалы атыс кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 80%-ы аяқталған нысан 2020 жылдың қазан айында пайдалануға берілмек. Azattyq Rýhy агенттігінің ресми сауалына жауап берген қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жоба құнының 1,5 миллион доллар екенін жеткізді. Айтуларынша, жобаға қаржы қала бюджетінен бөлінбеген.
«Shymkent shooting plaza инвестициялық жобасы - ISSF халықаралық спорттық ату федерациясы мен ACSF Азия спорттық ату конфедерациясының ұзақ мерзімді ынтымақтастығының нәтижесі... Кешенді салу шешімі 2017 жылы қабылданған. Бұл жобаға жеке инвесторлар демеушілік көрсетті», - делінген басқарманың баспасөз қызметінің хатында.
Спорт кешенінің жалпы аумағы 14 гектар жер телімін құрайды. Бұрынғы Комсомол көлі ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолына жақын жердегі ату алаңы аумағында орналасқан.
Мұндай ірі кешенді Шымкент қаласында салуға бірнеше себеп бар.
«Shooting plaza - бүкіл Азия аймағындағы ең ірі атыс алаңы. Шымкентте жақсы қолға алынған ату спортын одан ары дамыту үшін қалаға осындай клуб қажет. Ол Шымкент қаласында бірнеше себептерге байланысты салынады: ашық ауада спорттық ату үшін тамаша климаттық жағдайлар бар, ҚР атақты мергендерінің 60%-ы Шымкент қаласының өкілдері, қалада 10 жыл бойы Азия ойындарының жүлдегерлерін, Олимпиада ойындарының қатысушыларын, Азия чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлерін даярлап жүрген ату спорт түрлері бойынша білікті мамандар бар», - деп жазылған басқарма хатында.
Клуб ашылғаннан кейін Шымкентте ату спорты түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ. Ол үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасалады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан