Корея президенті генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтаруға көмектескені үшін Тоқаевқа алғыс айтты
Ол корей халқы бұл ізгі істі ұмытпайтынын әрі жоғары бағалайтынын жеткізді
Корея Республикасының президенті бес жыл бұрын Кореяға халық қаһарманы, генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтаруға көмектескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, корей халқы бұл ізгі істі ұмытпайтынын әрі жоғары бағалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ли Чжэ Мёң екі елдің сыртқы саясаттағы бағдары ұқсас екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.
«Корея Республикасы мен Қазақстан сыртқы саясаттағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ұлттық мүдде мен нақты нәтижеге бағдарланған прагматикалық дипломатия ұстанады. Қазақстан – біздің экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие. Біз өндіріске арналған озық цифрлық технологияларымыз арқылы Қазақстан өнеркәсібін жаңғыртуға үлес қосуға әзірміз. Халықаралық ахуал бұлыңғыр кезеңде елдеріміз күш-жігер мен әлеуеттерін біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтуға тиіс. Сондай-ақ өзара тиімді негізде экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табуы қажет», – деді Корея президенті.