Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзғандарға 27 млн теңге айыппұл салынды
124 жеке және кәсіпкерлік субъект әкімшілік жауапқа тартылды
Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының аудандық басқармаларына аудандық полиция басқармаларынан карантинді бұзғандар туралы 544 материал келіп түсті. Олар бойынша 124 жеке және кәсіпкерлік субъект жалпы сомасы 27 377 790 теңге әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
ҚР ӘҚБтК 811-бабына сәйкес, карантинді бұзған адамдар кінәсін мойындағандықтан, әкімшілік айыппұлдар қысқартылған түрде қолданылды. Бүгінгі күні жалпы сомасы 15,5 миллион теңгеден астам 63 әкімшілік айыппұл төленді.
5 тамызға қараған түні мониторинг тобы полиция қызметкерлерімен және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен (ТҚСҚББ) бірлескен кезекті рейд кезінде кәсіпкерлік субъектілері тарапынан карантин режимін бұзу жағдайларын анықтады.
«Бүгінгі мониторинг барысында қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету нысандарында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды: жұмыс кестесін, жұмысшылар мен келушілердің маска тағу тәртібін, әлеуметтік қашықтық сақтамау», - деп хабарлады Есіл аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов.