Қазақстан-Ресей шекарасындағы мигранттар 40 автобуспен елдеріне қайтарылды
Бұған дейін шекарада полиция мен мигранттар қақтығысып қалған еді
Қазақстан-Ресей шекарасында қалып қойған қырғыз-өзбек жұмысшылары үйлеріне қайта бастады. Екі ел Үкіметі өз азаматтарын автобус және пойызбен алып кетіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл мигранттар Ресейде жұмыс істеп жүріп карантин кезінде үйіне жете алмай қалған еді. Күні кеше ғана олар шекарада Ресей әскерилерімен жаға жыртысып қалған. Ашық аспан астында қалып қойған жұмысшылар шекараны бұзып өтпек болыпты.
Оқи отырыңыз: Қазақстан – Ресей шекарасында полиция мен мигранттар қақтығысып қалды
«Қырғыз елі мен Өзбекстан Республикасы Ресей Федерациясынан өз азаматтарын шығару үшін транзиттік жол ашуды өтінді. Бұл мәселе оң шешілді. Тамыздың 4-5 күндері 2435 Қырғызстан азаматы және 2200 Өзбекстан азаматы өз елдеріне жеткізіледі. Өзбекстан азаматтарына темір жол арқылы жетуге рұқсат берілді», - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Айта кету керек, еліне қайта алмай қалған өз азаматтарын Қырғызстан осымен төртінші рет алып кетіп отыр.