Жүк көлігіне соғылып, аударылып қалған: адам шошырлық жол апаты ЖИ камерасына түсіп қалды (ВИДЕО)

Оқиға Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында болды

Жүк көлігіне соғылып, аударылып қалған: адам шошырлық жол апаты ЖИ камерасына түсіп қалды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com; видеодан скрин

Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында болған жол апаты жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камерасына түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнежазбадан жүк көлігінің жылдамдығын азайтып, жолдың жүру бөлігінде тоқтағанын көруге болады. Алайда жүргізуші апаттық жарық белгісін қоспаған. Соның салдарынан артынан келе жатқан жеңіл автокөлік жүк көлігіне соқтығысқан.

Соққыдан кейін жеңіл автокөлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылып қалды. Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолда көлік амалсыздан тоқтап қалған жағдайда, оны арнайы белгілермен белгілеу қажет екенін ескертеді. Бұл талапты сақтамау басқа жүргізушілерге үлкен қауіп төндіреді. Мұндай кезде апаттық белгісін дереу қосып, жол қозғалысы қағидаларына сәйкес арнайы белгіні орнату қажет.

«Жүргізушілер көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтап, жолдағы жағдайды үнемі бақылап отыруы тиіс. Жолда тоқтадыңыз ба – апаттық жарық белгісін қосыңыз. Артыңыздан келе жатқан жүргізуші көлігіңізді дер кезінде байқауы керек», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.