Жүк тасымалы жеңілдей ме? Тоқаев кеден саласындағы маңызды мәселелерді көтерді

Кездесуде «ақылды шекара», цифрлық технологиялар және жүк тасымалын жеңілдету мәселелері талқыланды

Жүк тасымалы жеңілдей ме? Тоқаев кеден саласындағы маңызды мәселелерді көтерді
Фото: Ақорда/Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Иэн Сондерспен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында Қазақстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықты дамыту, кеден заңнамасын жетілдіру және кедендік рәсімдерді тиімді ету мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиядағы көлік байланысын дамытуға және халықаралық жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беретінін айтты.

«Президент Қазақстан Еуразиядағы көлік қатынасын нығайтуға және жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға көп күш-жігер жұмсап жатқанын айтты. Сондай-ақ «ақылды шекара» моделін дәйекті түрде дамытып келе жатқанын, кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін цифрлық шешімдер кеңінен қолданылатынын жеткізді», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде Иэн Сондерс Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынына жоғары баға беріп, еліміз кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруде, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде және тиісті органдардың институционалдық құзыретін нығайтуда елеулі табысқа жеткеніне тоқталды.

Президент пен Ұйым жетекшісі 30 жылдан аса уақыт бойы табысты ілгерілеп келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады. Бұдан бөлек, әлемдік саудадағы сын-қатерлер мен үдерістер жайында пікір алмасып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азия өңірінің көлік-логистика әлеуетін арттыру перспективасына айрықша назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестік пен достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Иэн Сондерсті II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.