БҚО-да миллиондаған теңгенің малын ұрлаған күдіктілер ұсталды

Күдіктілер жалпы құны 5 миллион 460 мың теңгені құрайтын 5 бас ірі қара мен 6 жылқыны ұрлаған

БҚО-да миллиондаған теңгенің малын ұрлаған күдіктілер ұсталды
Фото: ІІМ

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында полиция қызметкерлері мал ұрлығының бірнеше дерегін әшкереледі. Жедел-іздестіру шаралары барысында екі азаматтың 9 қылмыстық оқиғаға қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер бірнеше ай бойы тұрғындардың мүлкін жымқырып келген. Олар негізінен еркін жайылымда жүрген төрт түлікті нысанаға алған. Күдіктілер жалпы құны 5 миллион 460 мың теңгені құрайтын 5 бас ірі қара мен 6 жылқыны ұрлап, иелеріне ірі көлемде материалдық шығын келтірген.

Сот санкциясымен екі күдіктіге де «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп, ұрланған малды іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды.