Қазақстан құрамасы көкпардан финалда Қырғызстанмен күш сынасады
Қазақстан құрамасы көкпардан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы екінші жеңісіне жетті
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар турнирінде Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
В тобындағы соңғы кездесуінде қазақстандық спортшылар Венгрия құрамасын 9:4 есебімен жеңді. Ұлттық құрама алдын ала кезеңдегі екі кездесуінде де жеңіске жетіп, құрамында Ресей командасы да болған топта бірінші орын алды.
Финалда Қазақстан құрамасы А тобында жеңіске жеткен Қырғызстан командасымен кездеседі. Шешуші матч 6 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады.
Қазақстан мен Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында қатарынан үшінші рет кездескелі отыр. Бұған дейінгі екі финалда да қазақстандық көкпаршылар жеңіске жетіп, бірінде 4:3, екіншісінде 5:4 есебімен басым түскен.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтіп жатыр және 6 қыркүйекте аяқталады.