Алматыда екі жасөспірімнен ірі көлемде есірткі табылды (ВИДЕО)

Алдын ала мәлімет бойынша, оның құрамынан мефедрон анықталған

Алматыда екі жасөспірімнен ірі көлемде есірткі табылды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматыда екі жасөспірімнен 300 грамм көлемінде есірткі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын өткізу мақсатында сақтап, тасымалдады деген күдікпен екі жасөспірімді ұстады.

Жеке тінту кезінде олардың бірінен ішінде ұнтақ тәрізді зат бар бума табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның құрамынан мефедрон анықталған. Салмағы шамамен 300 граммды құрайды.

«Аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда алынған заттың нақты түрі мен салмағын анықтау үшін сараптама тағайындалды. Алматы полициясы жастарды есірткінің заңсыз айналымына тарту арналарының жолын кесуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда», – делінген хабарламада.

Есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізуге байланысты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.