ШҚО-да мемлекеттік мекеменің бухгалтері өзіне 10 млн теңге жымқырғаны анықталды
Бухгалтер бюджет қаражатын бір жыл бойы өзінің жеке шотына аударып отырған
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы мемлекеттік мекеменің бюджет қаражаты бір жыл бойы оның бухгалтерінің банк шотына аударылып отырған. Прокуратура 10 млн теңгенің заңсыз аударылғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңір прокуратурасының мәліметінше, заңбұзушылық «Алтай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бюджет қаражатының заңды әрі тиімді жұмсалуын тексеру барысында анықталған.
Бухгалтердің екі бюджеттік ерекшелік бойынша ақшаны өзінің жеке шотына заңсыз аударып отырғаны белгілі болды. Жалпы сома 10 млн теңгені құрады.
Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
Алтай аудандық соты әйелді кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталған әйелдің кішкентай баласы болуына байланысты тағайындалған жазаны орындау кейінге қалдырылды.
Ұрланған бюджет қаражаты мемлекет кірісіне қайтарылды.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға және заңдарды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси қағидаты.