«Байтақ» партиясы үгіт-насихат науқанын эко-марафонмен бастады

Марафонға 200-ден астам адам қатысты

«Байтақ» партиясы үгіт-насихат науқанын эко-марафонмен бастады
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Құрылтай депутаттары сайлауына арналған үгіт-насихат науқанын эко-марафонмен бастады. Іс-шара таңғы сағат 7:00-де Астанадағы Триатлон саябағында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марафонға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, кандидаттар, белсенділер және экологиялық бастамаларды қолдаушылар болды.

Ұйымдастырушылар акцияның таңғы уақытқа жоспарлануының өзіндік сыры бар дейді. Бұл уақытта қалада көлік қозғалысы аз, демек қоршаған орта мен ауа барынша таза болады. Эко-марафонды партия төрағасы Азаматхан Әміртаев бастап берді. Қатысушылар 2,5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

Шара барысы домбыраның сүйемелдеуімен жалғасты. Қатысушылар «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сынды танымал күйлерді нақышына келтіріп орындады. Партия төрағасы «біз осылайша ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ерекше мән беруге тырыстық» деді.

«Байтақ» – алдағы саяси додаға елдегі алғашқы әрі жалғыз экологиялық партия ретінде түіс отыр. Оның сайлауалды бағдарламасында таза ауа мен су, азаматтардың денсаулығы, қолжетімді медицина, азық-түлік қауіпсіздігі, өңірлердің тұрақты дамуы және «жасыл» экономика арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері қамтылған.

Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Саяси бәсекеге «Байтақ» жасылдар партиясы 47 кандидат ұсынған.