Ақтөбе облысында ірі қара мал қырылып жатыр: ондаған сиыр арам қатты

Мамандар зертханалық сараптама барысында өлген малдан кене арқылы таралатын тейлериоз бен пироплазмозды, сондай-ақ лептоспирозды анықтаған

Ақтөбе облысында ірі қара мал қырылып жатыр: ондаған сиыр арам қатты
Фото: © freepik.com

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында ірі қара мал жаппай қырылып жатыр. Мамандар өлген 51 малдан кене арқылы таралатын тейлериоз бен пироплазмозды, сондай-ақ кейбірінен лептоспироз ауруын анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, жағдай Шеңбертал және Құрылыс ауылдарында тіркелген. Осы уақытқа дейін 50-ден астам ірі қараның өлексесі өртеу арқылы жойылған. Зертханалық сараптама нәтижесінде 51 малдың тейлериоз және пироплазмоз жұқтырғаны белгілі болды. Бұл – қан сорғыш кенелер арқылы таралатын паразиттік аурулар. Ветеринарлардың айтуынша, Ақтөбе облысында тейлериоз соңғы он жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

Ал кейбір малдан лептоспироз анықталған. Бұл – егеуқұйрық пен тышқан сияқты кеміргіштер тарататын аса қауіпті жұқпалы ауру. Дертке шалдыққан малдың қызуы көтеріліп, жем-шөптен қалады, әлсірейді. Ауру көбіне кеміргіштер болған шалшық суды ішкеннен кейін жұғады.

22 шілдеде Ырғыз ауданына Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, облыстық аумақтық инспекцияның және ветеринария басқармасының мамандары барған. Қазір олар ауру белгілері бар малды оқшаулап, емдеу жүргізіп, тұрғындарға түсіндіру жүргізіп жатыр. Сондай-ақ өлген малдың өлекселері арнайы инсинераторда өртеліп, ошақтар толық залалсыздандырылған.

Ветеринарлар мал иелеріне малды қараусыз жаймауға, кенеге қарсы уақытылы өңдеу жүргізуге және ауру белгілері байқалған жағдайда бірден ветеринарлық қызметке жүгінуге кеңес берді. Облыстық ветеринария басқармасы Ырғыз ауданындағы эпизоотиялық ахуалдың бақылауда екенін мәлімдеді.